ӘлеуметБасты тақырып

Талайға таңдай қақтырған… тамаша тәлімбақ

«Бір тал кессең, он тал ек», - деген мақалдың астарында үлкен мағына жатыр. Осынау тілге жеңіл мақалды ауызға айту оңай болғанымен, іс жүзінде жүзеге асырып жатқан кім бар сірә?! Бүгінгі күнде Ойылға көгілдір отын кіргелі орман, тоғайға балта ұстап кіретіндердің қатары күрт тиылды. Ауданның дәл іргесінде ұштасып жатқан Екпетал елді мекенінің тұрғындары орманнан отын алудың тәртібін жақсы біледі. Кез-келген ағашты балталап, аралау оларға жат қылық. Керісінше ауданымызды жасыл желектендіру жұмыстарына өзіндік үлестерін қосуда тапжылмай қызмет қылып келеді.

«Ойыл орман» шаруашылығында тамаша тәлімбақ бар. Жас көшеттер сол қасиетті топырақта тамыр байлап, жайқалып тұр. 16 гектар жерді алып жатқан аумақта қазір жұмыс қызу жүріп жатыр. Мұнда ағаштар мен көшеттердің он түрінің тұқымы өседі. Олардың арасында терек, өрік, жиде, шаған, үйеңкі, шырғанақ, арша, қарағай, қарағаш сынды ағаштар бар. Егілген тұқымды орман көлемін үлкейту мақсатында елді мекендерге отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда бұл мақсат іс жүзінде іске асып келеді. Қазір мұндағы еңбеккерлердің орман шаруашылығын дамытуға қосып жатқан үлесі зор. Орман шаруашылығындағы қызметкерлердің барлығы уақытпен санаспайды. Халық игілігі үшін тер төгіп жүр. Тәлімбақ шебері Денис Шестаков. Біз Дениспен арнайы тілдесу барысында ол: «Біздің тәлімбақтың ерекшелігі онда ағаш өсіруде «Жасыл ел» жасақшылары, яғни балалар белсенді рөл атқарады. Жұмысшыларымызбен бірге өсірілген көшеттерді зиянды шөптерден тазалап, күтіп-баптау жұмыстарын жасауда. Ісіміз қыс түсіп, жер қатқанша тоқтамайды. Ағаштарды өсіріп, баптау оңай жұмыс емес», — дейді. Ал, «Жасыл ел» бағдарламасы аясында аталған тәлімбақта еңбек етіп жүрген жастардың бірі Меруерт Күнсарина бұл жердегі жұмыс өзіне қатты ұнайтындығын жасырмады. «Мен «Жасыл ел» бағдарламасына биыл екінші рет қатысып тұрмын. Онда бізге туған жердің тазалығы мен тал егу, егілген көшеттерді суару, күтіп-баптау жұмыстары жүктелген. Былтыр село ішіндегі саябақтардың тазалығы мен жасыл желектердің жайқалып бой көтеруіне ат салыстық. Туған жерімді көгалдандырып, абаттандыру жұмыстарына ат салысып, елімнің көркейіп, гүлдене беруіне өз септігімді тигізсем ол мен үшін үлкен абыройлы міндет», — деп ойын еркін жеткізді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бес жыл ішінде елімізді ауқымды көгалдандыру міндетін қойған болатын. Тапсырма аясында 2 миллиард ағаш егу жоспарланды. Соның аясында аталған тәлімбақтың көлемін кеңейтіп, ағаштың 21 түрін егу жұмыстары жоспарлануда.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Екпетал-Ойыл.

Басқа жаңалықтар