Әлеумет
Темірбектің қиярына сұраныс көп
Мал шаруашылығымен айналысатын ауданның шаруа баққан азаматтары соңғы жылдары бағбандық кәсіпке ден қоя бастады. Бұған мемлекеттің осы саланы жан-жақты қолдауы себеп болып отыр. Олардың қатарында «Болашақ» шаруа қожалығының төрағасы Темірбек Жауынбаев та бар.
Мал шаруашылығымен айналысатын ауданның шаруа баққан азаматтары соңғы жылдары бағбандық кәсіпке ден қоя бастады. Бұған мемлекеттің осы саланы жан-жақты қолдауы себеп болып отыр. Олардың қатарында «Болашақ» шаруа қожалығының төрағасы Темірбек Жауынбаев та бар. Шаруашылығын алғашында мал бағумен бастаған ол, шаруашылық жеріне қосымша бау-бақша салды. Шағын жерден мол өнім алған Темірбек Жауынбайұлы қара жұмыстан қашпай, қара жерден нәпаха табуға болатынын байқады. Десе де, топырақты күтіп-баптап, несібесін қара жерден теру Темірбектің ұзақ жылдардан айналысып келе жатқан кәсібі емес. Алайда бес жылдан бері осы салаға машықтанған ол биыл 7 гектар жерге қарбыз, қауын, қияр, қызанақ, картоп сынды бау-бақша дақылдарын еккен. Өнімдерінің шығымы асып-тасып жатпағанымен түсімі жаман емес. «Бұрын қарбыздың түсімі жақсы болатын. Бір қарбыздың 22 киллограмға дейін тартқан кездері болды. Биыл күннің ыстығы мен өзен суының азайып, ашып кетуі де кері әсерін тигізіп отыр. Бірақ бір қуанарлығы қияр жақсы шықты. Әзірге қызанақтарым қызара қоймады. Қауындарымды енді-енді шығарып, сатып жатырмын», — дейді Темірбек Жауынбайұлы. Иә, расында бау-бақша өнімдерін күтіп-баптау үлкен еңбекті талап етеді. Сондықтан өз қаражатымен бау-бақша салып, несібесін жерден теріп отырған жігіт бүгінгі күнде екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазір пісіп жетілген өнімдерін жинап, сатып жатыр. Оның айтуынша, тұтынушылар жақтан қарбыз бен қиярға сұраныс жоғары. Бұл өнімдерді көп күттірместен сатып әкетіп жатады. Себебі ешбір қоспасыз күтіп бапталған таза өнімнің дәмі де ерекше болатыны сөзсіз. Қазіргі мезгілге сай жергілікті тұтынушыларды сұранысқа ие сапалы өніммен қамтып отыр.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.