Әлеумет
Барқын құмы экотуризмге сұранып тұр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақұтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында туризмнің, әсіресе, эко және этнотуризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын.
Осы орайда өткен сенбіде ауданымызға Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы туризм бөлімінің басшысы Әуез Арызғұлов бастаған бір топ блогерлер арнайы келді. Экотуризмді дамыту мақсатында тарихи жерлерге экскурсия жасаған блогерлер алдымен аудан орталығындағы Ойыл аудандық мешітіне бас сұғып, құран бағыштады. Одан кейін сауда үйлерін аралап, комитет ғимараты мен бай көпес Красавиннің үйінің тарихымен танысты. XIX ғасырда бой көтерген тарихи ғимараттардың тарихынан мағұлмат алған блогерлердің біздің аймақтың тарихына деген қызығушылығы жоғары болды. Экотуризм дегеніміз еліміздегі туризмнің дамуын қарқынды жолға қоятын бірден-бір бағыт. Сондықтан тарихи жерлерді насихаттауда блогерлердің де еңбегі шексіз. Тарихи ғимараттардың тарихынан сыр шерткен Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінің ғылыми қызметкері Дулат Исабаев блогерлерге біздің аймақтың тарихынан кеңінен мәлімет берді. Аталған топпен бірге жүрген аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев киелі Көкжар жерінің қойнауы тарихтан кенде еместігін жеткізіп, барша блогерлердің жұмысына сәттілік тіледі. Экскурсия әрі қарай ақ тарының атасы Ш.Берсиевтің кесенесі мен Барқын құмында жалғасты. Барқын құмының табиғатына сүйсінген блогерлер «Барқын құмының» экотуризмге сұранып-ақ тұрғанын алған әсерлері арқылы жеткізді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.