Әлеумет

Қыс қыр астында тұр, әлі шөп алмағандар бар!

«Қыстың қамын жаз ойла!» Күз айлары да біздің өңірде етек-жеңіңді жинауға көп мүмкіндік береді. Мизам шуағы да қысқа қамдануға берілген тағы бір мүмкіндік. Бірақ, әлі де арқаны кеңге салып жүргендер бар.

Мәселен, мал азығы. Апта сайын шөп жәрмеңкесі өткізілгенімен, әлі де «арбамен қоян қуып» жүргендер жетерлік. Ойыл селолық округі әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, аудан орталығының өзінде мал ұстайтын 760 отбасы бар. Бүгінгі күні оның ішінде, 630 аулаға ғана шөп түскен. Демек, 130 ауланың қожайыны үшін қыс кешігіп келетін сияқты. Әрине, соңғы жылдары «кәрі құда» көп қаһарын төгіп жүрген жоқ. Алайда, табиғатқа сенуге болмайды. Өйткені, синоптиктер алдағы күндері еліміздің батыс өңірінде ауа-райының суытып, нөсер жаңбыр жауатындығын ескертіп отыр. Күні бүгінге дейін мүмкіндік берген табиғат анаға өкпе жүрмейді. Сондықтан, шаруалар үшін мал азығын тасымалдау да қиындай береді. Күзде шабылған шөптің сапасы туралы сөз қозғау артық. Оның үстіне жаңбыр жауса… Тағы да Абайға жүгінсек,
«Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай,
Қыстың басы біреуі ерте, біреуі жәй» — дейді. Демек, қараша да қыстың айы. Ал, қыс қыр астында тұрса да, әлі ауласында «тіс шұқитын» шөбі жоқтардың не ойлап отырғанын түсінбедік.

С.ХАМЗИН,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар