Әлеумет

Желтоқсан көшесінде жаңа дүкен

Ойыл селосында жыл сайын тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Әсіресе, селоның күн батыс жағында сәулеті жарасқан үйлер көп. Бір қуантарлығы, қаладан еш кем емес тұрғын үй салып жатқандардың дені жастар. Мемлекет тарапынан ауыз су мен газ құбыры, электр желісі тартылғанымен, тек тұрғындарға қызмет көрсету саласы кешеуілдеп жатыр. Осындай олқылықты ескерген, жеке кәсіпкер Жеңіс Займолдин өзінің «Дәулет» дүкенін жаңа құрылыс жаққа, яғни Желтоқсан көшесіне көшірді.
Мереке күні дүкеннің есігін айқара ашып, тұтынушыларына қызмет көрсете бастады. Кәсіпкер мен тұтынушылардың қуанышына ортақтасқан аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев Жеңіс Ғағизұлының жұмысына табыс тілесе, анасы Қатима апай да «жақсыны көрмекке…» жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады. Жаңа ғимаратқа қоныс аударған дүкеннің лентасын қиған көршісі Сәуірбай Ұлықпанов бастаған ағалар дәмнен ауыз тиіп, кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.
Енді жаңа үйлердің тұрғындары сәл нәрсеге бол орталыққа сабылмайды. Өйткені, дүкенде азық-түліктен бастап күнделікті тұрмыста қажеттің бәрі бар.

Басқа жаңалықтар