Мәдениет
«Өлкетанушылық – азаматтық ар – ожданға тәрбиелеу мектебі»
Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің ұйымдастыруымен өткен жұма күні «Шұғыла» мәдени-демалыс орталығында «Архив 2025» жобасы аясында Ойыл ауданының 100 жылдығына орай «Өлкетанушылық – азаматтық ар – ожданға тәрбиелеу мектебі» тақырыбында кездесу шарасы өткізілді. Шараға аудан жастары, «Өлкетанушы» клубының мүшелері, мектеп тарихшылары қатынасты. Кездесу кешінің құрметті қонағы Нұрлан Нұрымжанұлы «Өлкетанушылық – азаматтық ар-ожданға тәрбиелеу мектебі» тақырыбындағы кездесудің негізгі — мақсаты, мұраты бір, «өз туған жерім — өзіме мысыр» деп ойлайтын, дүниеге адам болып келген соң, артыма арымды, таза жүрегімді қалдырайын деген ниетте ұйымдастырылғанын баса айтты. Ал аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Болатұлы «Жас келсе-іске» дейді халқымыз. Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші екенің айта отырып ауданымыздың тарихын жинақтауға бір кісідей ат салысуға шақырды. Өлкетанушылар клубының мүшелері өлке тарихын жинақтауға атсалысатындығын айтып қолдау білдірді. Ал музей директоры Балқия Рысбаева: «Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі» — деп кездесу кешін қорытындылады.
Дулат ИСАБАЕВ,
Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің ғылыми қызметкері.