Әкімдік
Биыл ойылдың он көшесі жөнделеді
Ойыл селолық округінің әкімі Сәндібек Дәулетқалиевтың Ойыл селосындағы соңғы есебі санитарлық талаптарға сай онлайн режимінде өтті. Әрине, карантинге қарамастан Ойыл селосында өткен жылы атқарылған істер көп. Ол көпшіліктің көз алдында.
«Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы бойынша көшелерді орташа жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 221 762,0 мың теңге, облыстық бюджеттен 14 640,0 мың теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде Көкжар, Бақаев, Желтоқсан көшелерінің орташа жөндеу жұмыстарына «ЗапКазПромСтрой» ЖШС-мен келісім шарт жасалып, асфальт төселді. Шернияз көшесінің орташа жөндеу жұмыстарына «Ерхат жолдары» ЖШС-мен келісім шарт жасалып, жұмыстар толық аяқталды. Ал, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Ойыл селосындағы Амангелді және Молдағұлова көшелері де асфальтталды.
Аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдарда, кенттерде, ауылдық округтерде автомобиль жолдарының жұмысын қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша 16 668 мың теңгеге көшелерге қиыршық тас (щебень) төселді.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының 2 бағыты аясында» округте 14 адам барлығы 64 млн. теңге несие алды. Кәсіпкерлік нысандары қалыпты жұмыс атқаруда. Өткен жылы аудан орталығында жеке кәсіпкер Жеңіс Займолдиннің «Дәулет» азық-түлік дүкені ашылса, 2021 жылға да бірқатар инвестициялық жобалар ұсынылып отыр. Мәселен, жеке кәсіпкер А.Ғазизова балабақшасын биыл іске қосқалы отырса, жеке кәсіпкер Б.Ақан сапаржай, қонақ үй кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр. Жеке кәсіпкер К.Әліп тойхана құрылысын бастады. Округте дамымай отырған салалардан – қоян, құс өсіру тәріз-ді салаларды қолға алушылар болмай тұр. «Бизнес-бастау» жобасына округтен 34 адам өтініш білдіріп арнайы тестілеу арқылы 34 қатысушы оқу курстарына жолдама алды, 100 пайыздық көрсеткіш орындалды, 8 қатысушы 4 444 800 теңгеге 100 АЕК қайтарымды грант иегері атанып, өз кәсіптерін ашты. Б.Өгізбаев пен Р.Наурызбековалар «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 8 млн теңге несие алып мал шаруашылығын дамытуда. Осы ретте шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің жұмыс күшіне үнемі мұқтаж болып отыратындығы да жасырын емес. Сонымен бірге округте қоғамдық табынды бағуға да ешкім құлшын-байды.
Елбасының тапсырмасына сәйкес «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалары аясында 2020 жылдың 18 наурызында біртұтас республикалық «Біз біргеміз!» акциясына орай аз қамтылған, көп балалалы, көмекке мұқтаж отбасыларға антисептикалық құралдар, медициналық маскалар және коронавирустық пандемиямен күресу, алдын алу үшін қажетті басқа да өнімдер жинақталған әлеуметтік пакеттер мен азық түлік табыс етілді.
Әскери шақыруға келмей жүрген жастарға мекен жайы бойынша аралап түсіндіру жұмыстарын жүргізу де әкімнің шаруасы. Өйткені, әскери борышын өтеуден жалтаратын, дәрігерлік тексеруге келмейтін жастардың барлығы да рас.
Округке қарасты Қаракемер, Ақшатау елді мекендерінде жасанды көгал төселген спорт алаңдары жасалды.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атын-дағы орталық саябаққа биылғы Ойыл ауданының 100 жылдығы мен Тәуел-сіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай жүгіртпе жолмен билборд пен Ойыл ауданының 29 «Құрметті азаматтарына» арнап бағаналарға тақтайшалар орнатылды. Жолмырзаев 42 үйдің ауласына балалар ойын алаңы жасақталды. Ойыл селосының жарық шамдар жүргізілмеген шеткі көшелеріне күн сәулесінен қуат алатын 40 жарықшам орнатылды. Қазірде халық ұсынысына қарай жарықшамдар алынып, елді мекендерге орнатылды. Ойыл селосындағы көшелерге жаңадан жол белгілері қойылып, жолақтар салынды, сонымен қатар қозғалыс көп көшелерге жасанды кедергілер қойылды. Бұл Ойыл селолық округінің әкімі Сәндібек Дәулетқалиевтың баяндамасынан түйген атқарылған жұмыстардың бір парасы.
Сонымен қатар, әкім биыл Ойыл-дың 10 көшесін асфальттауды көздеп, жобалық сметалық құжаттары дайын жобалар бойынша Екпетал елді мекеніне спорт алаңын жасақтап, көшелерді жарықтандыру, тротуар төсеу және Ойыл селосының шетінен айналма жол жасауды жоспарлап отыр.
Одан кейін аудан әкімі Асқар Қазыбаев та өткен жылдың жемісі мен алдағы жылдың міндеттерін жеткізді.
Инстаграмм желісінде тікелей эфирде өткен есепті жиында көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берілді.