ӘкімдікБасты тақырып
Мал бағу мәселесі – тараптардың талабы көп
Өткен жұмада аудандық мәдениет үйінде санитарлық талаптар сақтала отырып, Ойыл селосының «Тұрғындар жиыны» өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – тұрғындардың жеке малын бақтыру. Бұндай кездесу былтыр шектеулерге байланысты өтпей қалғандықтан, тұрғындардың талап-тілектері де қордаланып қалыпты.
Аудан әкімінің орынбасары Аслан Кенжебаев қатысқан кездесуде алдымен округ әкімі Сәндібек Дәулетқалиев Ойыл селосындағы тұрғындардың жеке малдарын бақтыру туралы өзінің ойларын жеткізді. Яғни, биыл Ойыл селосында бес бағытқа сауын сиырлар күтуі шығады. Ол үшін малшылары дайын. Ал, өздеріне кезек тигенде тұрғындар малды бағудың бағасынан бұрын малшының қызметінің сапасы мен мінез-құлқына көп сын айтты. Малшылар болса, сиырлардың уақытында қосылмайтынын, кешкісін ешкім күтіп алмайтынын алға тартады. «Сенің малыңды бақпаймын» — деп бұлданып, «Қостырмаймын» — деп қоқаңдайтындар бар екен. Рас, «Бес саусақ бірдей емес». Тұрғындарға да айтылар сын аз емес. Тек МТМ бағындағы сиыршы Қанат Алдияровқа ғана халық әлденеше рет алғысын жаудырды. Бірақ, осы Қанаттың өзі мал тоқтағаннан кейін де 60 мың теңгедей қызметінің ақысын жинай алмай жүрді. Бұл мәселе округ әкімінің араласуымен шешілді.
Тұрғындар малдың бағу мен оның өрісі және мал азығы туралы да өз ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе, мал азығының бағасы мен салмағына айтылар сын көп. Сонымен қатар, осы жиынға қатысқан аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Азамат Көкебаев қолданыстағы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруға тоқталып, бағусыз малдың иесіне қолданылатын шаралар туралы түсіндірді. Кездесуге қатысқан аудан әкімінің орынбасары Аслан Кенжебаев тұрғындар көтерген мәселелерге орай түсінік беріп, кейбір сауалдарға жауап берді.