Әлеумет

Ойылда өткен бір күнім

Киелі Көкжардың тұмса табиғаты қайбір жанды баурамады десеңші. Бұл жерге табаны тиген жанның сағынышпен еске алып отыратынын біз білеміз бе? Жуырда редакциямызға Батыс Қазақстан облысынан бейтаныс ару қоңырау шалып, Ойылды сағынышпен еске алатындығын жеткізді. Одан кейін өзін таныстырған Гүлім Болатжан осыдан бірнеше жыл бұрын жастар форумы аясында Ойылда болғандығын, тарихы мен табиғаты тәнті қылғанын ақтарыла айтып берді. Ойылға деген ыстық сағынышы жұмыр жүрегіне жыр болып құйылған Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының тумасы, ақын, Гүлім Болатжанның «Ойылдың 100 жылдығы» мерейтойы қарсаңында «Ойылда өткен бір күнім» атты өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

Жұтқанда мөлдір ауаңды,
Бір сезім билеп санамды
Ойылда өткен бір күнім,
Шарпығандай бар ғаламды.

Ұмытып кетті жан-дүнием
Қиналған кезді қайғыны,
Менде де жүрек бар білем
Сезімге толы айдыны.

Көңілдің кілті ашылып,
Көздерге жылу тарады.
Ыстығы өртеп Ойылдың
Қимастық оты жанады.

Ойылда өткен бір күнім,
Мәңгілік есте қалады.
Сағыныш толы мың күнім
Ойылды аңсап барады.

Еске алып міне бүгінде,
Қызықты күндер кештерді.
Отырмын тағы ойға алып,
Ойылда өткен күндерді.

Гүлім БОЛАТЖАНОВА,
Батыс Қазақстан облысы.

Басқа жаңалықтар