Әлеумет
«Инватакси» тегін қызмет көрсетеді
Қайырымдылық жасау қазақтың қанына сіңген қасиет. Қара бастың емес, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігін кеңейту нағыз ердің ісі. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауданымызда алғаш рет инватакси қызметі іске қосылған болатын. Ол кезде мүмкіндігі шектеулі жандардың тілеуі орындалды деп қуанған едік. Алайда инватакси қызметі ұзаққа бармады. Ауданымыз шағын болғанымен мүмкіндігі шектеулі жандардың әрі-бері қатынауы қиын екендігін ескерген аудан әкімі Асқар Қазыбаев жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, инватакси қызметін қайта іске қосты. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандар жеке куәліктері мен мүгедектігі бар анықтамасының көшірмесін «Жұмыспен қамту орталығына» тапсыруға болады. Ол жерде арнайы диспечерлік орталық құжаттар қабылдайды. Инватакси I және II топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тегін қызмет көрсетеді.
Инватаксидің жүргізушісі «Мүмкіндігі шектеулі жандар арнайы көлікті кез келген уақытта шақыртып, қажетті жерлеріне бара алады.
Біз бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыс орындарына, медициналық мекемелерге және басқа да әлеуметтік қызметтер көрсетілетін жерлерге жеткізіп, қайтадан үйлеріне әкеліп отырамыз», — дейді.
Өз тілшіміз.