ӘкімдікБасты тақырып
Мемлекеттік қызметтің майталмандары марапатталды
Өткен аптада Қазақстанда сегізінші рет Мемлекеттік қызметші күні аталып өтті. Бұл атаулы күннің тарихы Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастау алады. 2002 жылдың 20 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 23 маусымды БҰҰ-ның мемлекеттік қызметшісі күні деп жариялау қарарын қабылдап, оған мүше әр мемлекетті де осыған байланысты бір күнді белгілеуге шақырды. Соған сәйкес, 2013 жылдың 20 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің №716 Қаулысымен 23 маусым — Мемлекеттік қызметші күні болып бекітілді. Сонымен қатар, одан бұрын 23 маусым полиция қызметкерлерінің күні еді. Сондықтан, бүгін аудандық мәдениет үйінде екі кәсіби мерекеге орай салтанатты жиын өтті.
Мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлерін алдымен аудан әкімі Асқар Қазыбаев құттықтады. Бір топ қызметкерге мерекелік сыйлық пен алғыс хат ұсынды. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Серік Берекенов те өз тарапынан бірнеше қызметкерді марапаттады. Санитарлық талаптар сақтала отырып өткізілген шарада ардагер қызметкерлер бүгінгі сапта жүрген жүрген ізбасарларына ізгі лебіздерін білдірсе, аудандық мәдениет үйінің әншілері ән шашуларын жолдады. Салтанатты шара соңында кеше ғана аяқталған аудан әкімі кубогы үшін өткен жарыста жеңімпаз атанған аудандық полиция бөлімінің командасын марапаттады.
Бүгінгі таңда елімізде 98 мыңға жуық мемлекеттік қызметші табысты еңбек етіп жүр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сарапшыларының бағалауы бойынша, Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесі жаһандық стандарттарға сай келеді, ал мемлекеттік аппараттың «қартаюы» және гендерлік теңсіздік көрсеткіштері жөнінен ілгерілеушілік байқалады.