БілімСұхбат

Оқушылар қауіпсіздігі басты назарда, Дәстүрлі форматта оқиды…

КОРОНАВИРУС ПАНДЕМИЯСЫ ӘЛЕМ ЕЛДЕРІН ӘБІГЕРГЕ ТҮСІРІП, САЛЫН СУҒА БАТЫРҒАНЫ БАРШАҒА МӘЛІМ. ОСЫ ТҰСТА БІЗДІҢ ЕЛІМІЗДЕ ДЕ КАРАНТИН ШАРАЛАРЫН САҚТАУ ТАЛАПТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ. ҚАУІПТІ ІНДЕТТІҢ САЛҚЫНЫ БІЛІМ ОШАҚТАРЫН ДА АЙНАЛЫП ӨТПЕДІ. 1 ҚЫРКҮЙЕКТЕ МЕКТЕПКЕ АСЫҒА ЖЕТЕТІН ОҚУШЫЛАРЫМЫЗ ҚАШЫҚТАН ОУҒА ДА ҚАЛЫПТАСТЫ. АЛ, БҮГІНДЕ АТА-АНАЛАР АРАСЫНДА ТҮРЛІ ПІКІР ҚАЛЫПТАСА БАСТАДЫ. БІРІ БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ ҮШІН ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУДЫ ҚОЛДАСА, БІРІ ДӘСТҮРЛІ ФОРМАТТА ОҚУ ЖӨН, - ДЕЙДІ. РАС, БҰЛ ПІКІРЛЕРМЕН ЕШКІМ ТЕКЕ-ТІРЕСІП БІР БАЙЛАМҒА КЕЛЕ АЛМАСЫ АНЫҚ. СОНДЫҚТАН БІЗ КӨПШІЛІКТІҢ КӨКЕЙІН КЕРНЕГЕН МАҢЫЗДЫ СҰРАҚТАР БОЙЫНША ОЙЫЛ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ СЕРІК МЕРУЕНОВ АРНАЙЫ СҰХБАТТАСҚАН ЕДІК. ЕНДЕШЕ САУАЛҒА ТОЛЫ СҰХБАТЫМЫЗДЫ ОҚЫРМАН НАЗАРЫНА ҰСЫНАМЫЗ.

— Алғашқы сауалымызға кезек берсек, биылғы оқу жылы қандай форматта басталады?
— Жаңа оқу жылы жақындаған сайын көптің көкейіндегі сұрақ көбейе түсті. Ең алдымен, «биыл оқушылар мектепке бара ма?» — деп алаңдайды ата-аналар. Иә, биылғы  жаңа оқу жылы дәстүрлі оқу форматында басталады. Жаңа оқу жылының басталуына орай білім ошақтары оқушыларды толықтай қабылдауға дайын. Дегенмен де, күн сайын үрейді үдетіп тұрған эпидахуалға байланысты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы басты назарда. Биылғы оқу жылына 1 сыныпқа 357 оқушы қабылданды. Барлығы 3392 оқушымен басталады деп жоспарлануда.
— Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда деп әңгімеңіздің басында айтып өттіңіз. Мұғалімдердің қанша пайызы вакцина алды? Сондай-ақ, кадр мәселесіне де тоқталып өтсеңіз.
— Нақтырақ айтсақ, Ойыл ауданы бойынша білім саласында  1504 қызметкер жұмыс жасайды. Оның 817-і педагог. Педагогтардың 592-сі екпе алды.  688 техникалық қызметкерлердің  596-сы екпе алып отыр. Жаңа 2021-2022 оқу жылына Ойыл ауданы бойынша білім беру ұйымдары толықтай педагог кадрлармен қамтылады деп күтілуде. Қажеттілік туралы толық ақпарат жарияланып отыр. Биылғы оқу жылына қажеттілік: Орыс кластары үшін бастауыш, математика пәнінің мұғалімі қажет. Қазақ кластары үшін жоғары білімді математик, химия, физика пәнінің мұғалімдері қажет.
— «Ақ көйлек, қызыл галстук, жарасушы едік бәріміз», — деп шырқалған әннің астарында өз заманында оқушылардың мектепті аңсауымен қатар мектеп формасын көз алдыңа әкеледі. Ал, қазір ше? Оқушылардың мектеп формасы қандай болмақ?
Сөзіңіздің жаны бар. Оқушылардың мектеп формасы әр жыл сайын талқыланып келеді. Десе де бұл әлі шешілмеген түйін. Сондықтан биыл оқушылар бірдей формада киім тіктірмейді. Бірақ бірыңғай классикалық үлгіде киінулері шарт.
— Қазір ақпараттық технологияның дамыған заманы. Десек те, мектепте алған білімнің маңызы зор. Кезінде екі балаға бір оқулықтан беріліп, оқығанымыз әлі есімізде. Биыл жаңа оқу жылында оқушыларға оқулық жеткілікті ме?
— Ойыл ауданының білім бөліміне қарасты 23 мектептің оқушыларына толықтай оқулықтар таратылып болды. Жаңа оқу жылына қажетті бастауыш сыныптардың жұмыс дәптерлері мемлекеттік сатып алу арқылы ұйымдастырылып, 48 млн. теңгеге 14 баспадан сатып алынды. Жаңа оқулықтар 20 тамызға оқушыларға таратылады. Сондықтан ата-аналар тарапынан оқулық мәселесі бойынша алаңдауға негіз жоқ. Басты талап — балаларының оқу үлгеріміне баса назар аударса болғаны.
— Соңғы жылдары ауданда бірнеше жаңа мектеп бой түзеді. Ал, сол білім ошақтарының материалдық базасы оқушылардың білім алуына мүмкіндігі қандай?
— Ауданымыздағы білім ошақтарының материалдық жағдайы өте жақсы. Барлық білім беру ұйымдары интернет желісіне қосылған. 4 мектепке модернизациялау жүргілзілуде. Оған 75 млн. теңге қаржы бөлініп, мектептерді безендіру жұмыстары аяқталуда. ЖиҺаздар мен кабинеттерді ішінара жабдықтау құралдары алынады.
— Қазіргі таңда ауданымыздың орталығындағы мектептер көгілдір отынмен қамтылған. Ал, ауылдық округтер мен елді мекендердегі білім ошақтары әлі де дизель немесе қатты отынмен жылытылады. Олардың жылыту қазандықтарының жай-күйі мен отынмен қамту мәселесі қаншалықты деңгейде әзір?
— Біз жаңа оқу жылы басталмай тұрып мектептердің жай-күйімен жақсы таныспыз. Ал, қысқы отынмен қамту, жылыту пештерінің іске жарамдылығы әрдайым бақылауда тұр. Отынға қажеттілік 165,3 тонна. Жаңа оқу жылы қарсаңында дизель отынымен жылытылатын мектептерге 148,5 тонна мемлекеттік сатып алу арқылы ұйымдастырылды. Жеңімпаз «Алтын Мұнай ЛТД» ЖШС ұтып алды. Қалған 16,8 тонна баға өсуіне байланысты қосымша қаражат сұралып, жылу маусымына дейін жеткізіледі.
— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар