Басты тақырыпДенсаулық
«ҮЗДІК МАМАННЫҢ» ҮЛЕСІ КӨП
Дәрігер мамандығы – мамандық атаулы ішіндегі ең қасиеттісі, әрі абыройлысы. Дәрігер мамандығы – аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. «Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» — деген үлкендердің айтқан ұлы да, ұлағатты сөздері бар. Арыстандай еш нәрседен қорықпайтын өзінің бойын қорқыныштың баурап алуына жол бермейтін, қыздай өз ісіне байыппен қарайтын, өз ісіне сеніммен қарай білетін, анадай науқастарға мейірімін төге білетін, өзінің анасы өзіне қандай мейіріммен қараса, ол да науқастарға сондай мейіріммен қарай білетін жан болуы тиіс. Осы аталған қасиеттердің барлығы бойынан табылатын Сәндібек Нұрбаев аудандық аурухананың бас дәрігері болғанда шын қуанғанымыз рас. «Алтын қолды азаматтың» алдынан талай адамның өмірге қайта қанат қағып шыққанын көрдік. Қашанда қайнаған жұмыстың ортасында жүретін Сәндібек Мұхамбетжанұлы 2014 жылдан бері аудандық мәслихаттың депутаты. Қым-қуыт тіршіліктің арасынан бәріне уақыт табатынына таң қаламыз.
Туғалы туған жерінен тамыры үзілмеген жігіт үшін Ойылдың барлық шаруасы таныс. Оның үстіне аудандық мәслихаттағы білім, мәдениет, денсаулық сақтау, құқық тәртібі және жастар саясаты мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болғандықтан, Сәндібектің өзі де өзіне етене таныс саланың мәселелерін жиі көтереді. Ол — инфрақұрылымды дамыту, елді мекендерді газдандыру. Мұның бәрі сайып келгенде халықтың әл-ауқатын арттырудың алғышарттары екені рас.
1994 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясына түсіп, 2001 жылы «емдеу ісі» хирург мамандығы бойынша аяқтады. 2002 жылдың шілде айынан бастап Ойыл орталық аудандық ауруханасына хирург дәрігері қызметіне қабылданды. Қызмет уақытында өзінің біліктілігін арттыру мақсатында дәрігер травматолог қызметтерін қоса атқарды. 2013 жылдың қазан айынан бастап Ойыл орталық аудандық ауруханасының бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болды. 2015 жылдың мамыр айынан бастап конкурс нәтижесімен Ойыл орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметіне тағайындалды.
2020 жылғы желтоқсанда «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және жоғары кәсібилігі мен мәслихат депутаты қызметіндегі бірлесіп атқарған еңбегі үшін» аудан әкімінің Алғыс хатын алса, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл толу мерекесіне орай, жергілікті мемлекеттік басқару ісіне қосқан үлесі мен мәслихат депутаты қызметіндегі атқарған еңбегі үшін облыстық мәслихатының хатшысы А.Нұғымановтың «Алғыс хатымен» марапатталды.
Денсаулық саласына қосқан еңбегі мен үлесі үшін алған алғыс хаттары мен марапаттары бір төбе. Ел ағасы жасына қадам басқан ел сенімін арқалаған азамат жуырда ауданға тағы бір сүйінші хабарды жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген Қазақстан Республикасының «Жылдың үздік маманы» республикалық байқауына қатысып, Ойыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев «Жылдың үздік маманы» төсбелгісімен және АMANAT партиясының І-ші дәрежелі дипломымен марапатталды.
Дәрігерлер отбасында жұбайы Әлия Баймағамбетқызы екеуі 4 бала тәрбиелеп отыр.
С.ХАМЗИН.