ӘкімдікБасты тақырып
Жасалған жұмыстар баяндалып, алдағы межелі міндеттер талқыланды
Өткен аптаның соңында аудандық мәслихаттың кезекті алтыншы сессиясы болып өтті. Күн тәртібінде 13 мәселе қаралды. Онда алдымен аудан әкімі Асқар Қазыбаев аудандық мәслихат депутаттары алдында өзіне жүктелген міндеттердің орындалуы туралы есеп берді. Сонымен қатар, аудан басшысы ауданымыздың жыл басынан бері әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, 7 айда атқарылған жұмыстарды баяндады.
Сессияда қаралған мәселелердің барлығы бүгінгі күннің өзекті мәселелері болды. Қозғалған әр мәселе бойынша сала басшылары баяндама жасап, жасалған жұмыстар жайында толыққанды мәлімет берді. Сонымен қатар өзекті мәселенің мән-жайы нақтыланып, депутаттар арасында кеңінен талқыланды. Оған қоса аудандық мәслихат депутаттары аудан әкіміне ауыз су, мал азығы, көгілдір отын, аудан мен округ арасын жалғайтын жолдарды жөндеуге қатысты бірнеше сауалдарын қойды. Әр сауалға тоқталып тиісінше жауап берген аудан әкімі 2025 жылға дейін ауданның барлық елді мекендерін ауызсу мен және көгілдір отынмен қамту жоспары бойынша аталған мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатындығын атап өтті.
Келесі ретте тоқтала кетсек, елді мекендерді газдандыру сауалдары бойынша тұщымды жауап берді. Аудан әкімі Асқар Қазыбаев аудан бойынша екі елді мекен орталықтандырылған газбен қамтылды, ол қамтылған елді мекендер үлесінің 9,1 пайызын, халық санына шаққанда 30,7 пайызды (5729 тұрғын) құрайды. Аудан орталығындағы коммуналдық-жалдамалы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар толық газдандырылды. Өткен жылы жалпы сметалық құны 547 млн778,0 мың теңге тұратын Қаратал ауылына жеткізуші және ауылішілік газ құбырының құрылысына» жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын. Ағымдағы жылы 200,0 млн.теңге (РБ-100,0 млн.т, ОБ-100,0 млн.т) бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. (Мердігер «Ерзат»ЖШС). Осы жоба аясында елді мекендерді газдандыру жұмыстарын жалғастыру мақсатында аудандық бюджеттен 52,0 млн.теңге бөлініп, Көптоғай, Аманкелді, Екпетал елді мекендеріне жеткізуші және ауылішілік газ құбырының құрылысы үшін жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда. ҚР газдандырудың бас схемасының жобасына облыс әкімдігі арқылы 2022 жылға Қаратал, Екпетал, Амангелді елді мекендері, 2023 жылға Көптоғай, 2024 жылға Сарбие, Саралжын, Аккемер, Шұбарши, Қаракемер, Ақшатау, Құмжарған елді мекендерін газдандыру ұсынылды. Сонымен қатар, бүгінгі күнге Темір ауданы Алтықарасу ауылына жеткізуші және ауылішілік газ құбырының құрылысы» жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, бұл жобада Ойыл ауданының Ақжар, Көсембай, Кемер, Ақкемер ауылдарын газдандыру қарастырылғандығын жеткізді. Сессия барысында аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қайнарбай Ұлықпанов аудандық мәслихаттың 2020 жылғы 24 желтоқсандағы №467 «2021-2023 жылдарға арналған Ойыл аудандық бюджетін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы баяндама жасады. Сондай-ақ, малдың күтімі мен мал азығы жайында мәселе көтеріліп, аудандық мәслихат хатшысы Сәкен Займолдин сессияда қозғалған мәселерді шешу үшін бірлесіп жұмыстануға шақырды.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.