ӘлеуметБасты тақырыпСұхбат

Немерелердің күлкісі бүгінгі бақытым!

ӨМІРЛЕРІ ӨНЕГЕГЕ ТОЛЫ, ТАҒДЫР ӨТКЕЛДЕРІНЕН ҚАЖЫМАҒАН ҚАРТТАРДЫҢ ЕРЛІК ІСТЕРІН ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚҚА ДӘРІПТЕП, ЗАМАНАНЫҢ САН-ҚИЛЫ ЗҰЛМАТТАРЫНА ҚАСҚАЙЫП, ҚАРСЫ ТҰРЫП ҚҰЛАМАҒАН АРДА АРДАГЕРЛЕРДІҢ АБЫРОЙЫ ӘРҚАШАНДА АСҚАҚ, МӘРТЕБЕСІ БИІК ТҰРАДЫ ЕМЕС ПЕ? ДАНА ХАЛҚЫМЫЗ «ҚАРТЫ БАР ҮЙДІҢ ҚАЗЫНАСЫ БАР», - ДЕП ТЕ БЕКЕРГЕ АЙТПАҒАН. СОНДЫҚТАН 1 ҚАЗАН «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРТТАР КҮНІ» БОЛЫП КҮНТІЗБЕГЕ ЕНГІЗІЛІП ОТЫР.

Осы орайда мереке қарсаңында арнайы үйіне барып, сұхбат құрған біздің бүгінгі мақала кейіпкері Дариға Меңдібаева. Он төрт құрсақ көтерген. Бүгінгі таңда ұл, қыздан өрбіген 18 немересі мен 13 шөбересінің қызығына бөленіп, бақытты ғұмыр кешіп отырған алтын құрсақты «Батыр Ана», «Алтын алқа», иегері. Еңбекке ерте жасынан араласқан. Үлкендердің атқаратын жұмысын олармен қатар жүріп жасаған. Социалистік Еңбек Ері Қуаныш Ержанов, Бейсұла Құрманғазин сынды ағаларымен бірге қой, жылқы бағуға жәрдемші болып қызмет етеді. Әкесінен ерте айырылғаннан соң анасына ауырлық салмасы үшін 12 жасынан-ақ осындай еңбекке араласты. Тіпті жапан далада мал бағып жүріп түз тағысына таланған кездері де болған. Әр сөзін салмақтай сөйлеген қарт ана солбір қиын қыстау кездерінен ақтарыла сыр шертті. «Мен 1932 жылы Талдықұмсай ауылында дүиеге келдім. Отағасы Кенжеғали Меңдібаев 1928 жылы Калинин колхозында дүниеге келген. 1949 жылы шаңырақ көтердік. Шешем күйеуге бергенде 19 жаста болатынмын. Қазір бақытым балаларым бәрі өз алдарына үйлі-баранды, немерелерім таянышым-сүйенішім ғой. Осылардың күлкісін естіп отырсам одан асқан арманым жоқ», — дейді. Отбасылық жылдарында кездескен ауыртпалықтарға Кенжеғали ата мен Дариға әже мойымапты. Шаңырақ көтергеннен кейін Кенжеғали ата 3 жыл, 6 ай Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келген. Сол жылдар аралығында Дариға әжеміз өзінің табандылығын көрсетіп, отағасын жолынан тосып ғана қоймай, екі есе еңбек еткен. Кейін отағасы келгесін де екеуі бірге мал бақты. Осындай ерен еңбегінің арқасында «Еңбек Қызыл Ту» орденіне ие болды. 1987 жылы 50 жасында зейнеткерлікке шыққанда төгілген тер еленіп, Ойыл кеңшарының директоры Елубай Қалиев қазірге дейін отырған үйді сол кезде сыйға тартты. Одан бұрында Ұлы Отан соғысындағы «Жеңістің 60, 65, 70, 75» толуына орай мерекелік медалдарымен марапатталған. Ақтөбе облысының партия комитетінің пленум мүшесі болған. «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» — деген болатын хас батырымыз Бауыржан Момышұлы. Расында әр сауалыма ұзақ ойланып отырып жауап берген әженің қара жұмыстың ауыртпалығын көп татқанын аңғаруға болады. Отағасы еңбек ардагері Кенжеғали Меңдібаев 80 жасқа қараған шағында дүниеден өткен. Қазір, Дариға әже тоқсанның да төріне таяп қалыпты. «Ендігі жерде жамандық көргім келмейді, бұйырса немерелерімнің қызығын көргім келеді. Ешкімге жаман сөз айтқан жоқпын, ешкімнен жамандық көргенім жоқ. Ризамын, халықтың тілегін тілеймін, жастар аман болсын», — деп сөзін түйіндеді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар