Басты тақырып
«Ойыл ежелгі тарихи өңір»
АРХИВ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ БАР ҚҰЖАТТАР САҚТАЛАТЫН МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕ. ОЛ ТЕК ШЕЖІРЕ ҚОЙМАСЫ ҒАНА ЕМЕС, ҚҰНДЫ ДЕРЕКТЕР ҚОЙМАСЫ. БИЫЛ АУДАНЫМЫЗДЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 100 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ «ОЙЫЛ ЕЖЕЛГІ ТАРИХИ ӨҢІР» ТАҚЫРЫБЫНДА ҚОБДА АУДАНЫ АРХИВІМЕН БІРЛЕСКЕН ЖЫЛЖЫМАЛЫ КӨРМЕ ӨТКІЗІЛДІ.
Жуырда Қобда аудандық архив ұжымы сарғайған қағаз беттерінде Ойылдың бір ғасырға жуық тайға таңба басқандай жазылған құнды деректерін арнайы алып келді. Аталған көрмеге ауданның ардагерлері, жастар және аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Болатұлы, Ойыл аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрлан Аманұлы қатынасты. Бұрын соңды біз естімеген, біз білмейтін деректер көрме қонақтарын айрықша таңырқатты. Көрмеде «Көкжар – ғалам, сәулелі Ойыл – ғалам, Ескерткішсің архиві жойылмаған», — деп ақын Ертай Ашықбаев айтқандай, өткен ғасырдағы тындырымды еңбек еткен тұлғалар мен Ойылдың құрылу кезеңіне дәлел болатын мөр басылған құнды құжаттары жойылмай сол қалпында сақталғанына куә болып қайттық.
Келесі кезекте Қобда ауданы архивінің меңгерушісі Нұрбибі Ешанова «Біздің мұнда келген мақсатымыз «Ойылдың құнды құжаттары» атты тақырыпта Ойыл өңірінің құжаттарынан көрме ұйымдастырып, тарихи құнды құжаттар беттеріне тоқталып өту болды. Біздің архивте Ойыл ауданының 156 қоры бар. Құжаттар 1920-1985 жылдар аралығында тұрақты сақтау бірлігі және жеке құрам бойынша сақталған. Ойыл аудандық райисполкомы 7 – шілде 1922 жылы құрылған. «Уилский районный революционный комитет» деп аталған. Ойыл райисполкомының құжаттары өте керемет. Әр құжаттың өзіндік құндылықтары бар.», — деп
Одан кейін Қобда ауданы архиві қызметкерлері жылжымалы көрмедегі аауданымызға қатысты архивтік құжаттармен таныстырса, аудан ардагерлері Ойылдың құнды құжаттарын арнайы әкеліп көрсеткен Қобда аудандық архиві ұжымына алғыстарын айтты. Сонымен қатар Ойылдың киелі де, қасиетті мекен екенін тарихи құжаттардың өзі айғақтап тұрғанына риясыз қуанып, алдағы уақытта осындай тағлымды шараларды өткізіп тұруға ұсыныстарын жеткізді. Өтіп жатқан көрменің аясын кеңітіп, әлі де осындай құнды құжаттарды көпшілік арасында насихаттау қажеттігін жеткізді. Көршілес ауданмен тығыз байланыс жасап, Ойылдың құнды құжаттары жинақталған көшпелі көрменің өткізілуіне ұйытқы болған Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директоры Балқия Рысжанова бұған дейін біздің қолымызға тимеген туған жердің құнды құжаттарын жинақтап, Қобда аудандық архивіне арнайы барып жұмыстанатындарын айтты. «Ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолдары мен ел үшін жасаған үлкен істерін тарих беттерінен тауып, кейінгі буынға жеткізу бәріміздің ортақ парызымыз», — деп сөзін түйіндеді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.