ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

ЕКПЕТАЛДЫҚТАРДЫҢ ҚУАНЫШЫ ЕСЕЛЕНДІ

Өткен жұма күні Ойыл ауданының Екпетал ауылына көгілдір отын құбыры қосылды. 40-тың үстінде түтіні бар шағын ауылда 400-ге жуық адам тұрады. Әуелден іргесі сөгілмеген, бірлігі бекем, тірлігі тұтас, түтіні түзу ауылдың ауданда үлгілі істері көп. «Қыстың қамын жазда ойлап» отыратын көп отбасының кірісі негізінен орман шаруашылығымен тікелей байланысты.

Екпеталдықтардың қуанышын бөлісе барған аудан басшысы Асқар Қазыбаев тұрғындармен кездесіп, туризмді дамытуға сұранып тұрған ауылдың мемлекет тарапынан биылғы көрген игілігіне тоқталды. Көктем мен күзде халықты әбігерге салатын көтерме жолдың жөнделгенін және оған алдағы уақытта асфальт жамылғысы төселетінін айтып, тұрғындарды тағы қуантып кетті. Өйткені, екпеталдықтар үшін барлық жақпен байланыстың өзегі Ойыл — Қаратал жолы асфальттанып жатыр.
Ауыл ақсақалы Балтабай Буданов болса, «Біз аңсаған коммунизм деген осы екен ғой» деп қуанышын жасырған жоқ. Себебі, ауылда әр үйге ауыз су кіріп тұр. Газ келді. Электр қуаты үздіксіз беріледі.
Әрине, ауылға көгілдір отынның келуі әсіресе, аналарды көп мехнаттан құтқарды. Солардың бірі — Салтанат Рзина өздері дайындайтын ағаш пен қидан өзге көмірдің де жыл сайын қымбаттауы отбасының бюджетіне салмақ екенін жасырған жоқ. Жолдасы Ербол екеуі ауылда алғашқылардың бірі болып үйіне газ кіргізіп алды. «Көгілдір отынның келуі өте тиімді. Газ келгені өте қуанышты енді. Көп шаруамызды жеңілдетеді» — деген Салтанат ауыл аналарының алғысын жеткізді.
Екпетал – Ойыл ауданы бойынша көгілдір отын желісіне қосылатын 4-ші елді-мекен. 5 әлеуметтік нысан бар. Ауылға газ құбырын тартқан мердігер «Ремстрой» ЖШС-і биылғы мамырдың 18-інде басталған жұмысты мерзімінен бұрын аяқтады.
Екпетал елді-мекені үшін мемлекет қазынасынан 67 млн. теңге қаржы бөлінген еді.
Р. S Сондай-ақ, сол күні Екпеталдың іргесіндегі 19 үйі бар Жаңабаз қыстағының тұрғындары да қуанышқа кенелді. Яғни, Жаңабаздағы 100-ге тарта тұрғын да көгілдір отынның игілігін көре бастады.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар