Спорт

Астана мен Ақ Олимпиада — жарыстардың арқауы

Биыл Астана қаласына 20 жыл. Атаулы мерейтойға еліміздің барлық өңірі мәдени көпшілік шаралармен үн қосып келеді. Осы орайда жуырда Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қазақ күресінен 2003-2004, 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасында аудан біріншілігіне ұйытқы болды.

Жасөспірімдер арасында қазақ күресінен өткізілген аудан біріншілігіне Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, Саға мектеп балабақшасы, Ақшатау орта мектебі, Қараой мектеп балабақшасы, Сапақкөл орта мектебінің командалары бақтарын сынады. Балғын палуандардан құралған 5 командадан 60 спортшы боз кілемде белдесті. Аудан біріншілігінде жеңіске жеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлер Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің мақтау қағаздарымен марапатталып, Ақтөбе қаласында өтетін қазақ күресінен облыс чемпионатына жолдама алды. Сонымен бірге Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткізіліп жатқан ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарына қатысушы Қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында мектеп  оқушылары арасында флорбол және шайбалы хоккейден жарыстар өткізіп, аудан спортының дамуына үздіксіз тер төгіп келеді.

Гүлжазира САДАҚБАЕВА,

Ойыл БЖСМ әдіскері.

Басқа жаңалықтар