ӘлеуметБасты тақырып

Тәуелсіздік құрдастары

Тәуелсіздік көңілімізге қуаныш сыйлағалы, міне 30 жыл. Сан ғасырдан бері ата-бабамыздың аңсаған арманы, үміті мен сенімі. Бүгінде тәуелсіздіктің құрдастары да 30 жасқа келді, әр саланың тізгінін ұстаған егемен елдің жалынды жастары. Елдің дамуына үлес қосып, көпке үлгі болып жүрген тәуелсіздік құрдастарының бірсыпырасы денсаулық сақтау саласында қызмет атқарып, халқының алғысына бөленіп жүр. Осы орайда, Ойыл аудандық ауруханасында халық саулығы үшін еңбек етіп жүрген тәуелсіздік құрдастары туралы айтып өтпекпіз.

Даулет Салин,
Ойыл аудандық орталық ауруханасының хирург дәрігері.

Үлкен құрмет пен зор жауапкершілік

Дәулет Салин 1991 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келген. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін аяқтаған. Қазіргі таңда Ойыл аудандық ауруханасында жалпы хирург дәрігері болып жұмыс жасайды. Өз саласында жас болса да, ауданның денсаулық сақтау саласында қосқан үлесі жетерлік.
«Тәуелсіздіктің құрдасы болу мен үшін үлкен құрмет пен зор жауапкершілік. Тәуелсіздік, ең алдымен, маған лайықты өмір сүруге, сапалы білім алуға, тәжірибе жинауға және өз ісімнің білікті маманы болуға мүмкіндік берді. Бүгінде денсаулық сақтау саласында жұмыс істеймін. Хирург мамандығы- бұл игілікті және жауапты мамандық. Хирургтың негізгі міндеті — нақты диагноз қою, аурудың себептерін анықтау, тікелей ота жасау, және әрине, ағзаны толық қалпына келтіруге көмек көрсету. Сондықтан мен тек дәрігер ғана емес, өз ісінің жоғары кәсіби маманы болуға тырысамын, егер менің жұмысым мен еңбегім адамдарға көмегін тигізсе, маған бұл жеткілікті. Менің басты міндетім — халқыма адал қызмет ету, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты нығайту, халкымның алғысын алу. Білімімді, күш-жігерімді, бар тәжірибемді Отанымды көркейтуге, гүлдендіруге жұмсасам деймін.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай. Өркениет көшіне ілескен халқымызға гүлдену мен көркею тілеймін. Көк байрағы желбіреген,бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай. Сіздерді Республикамыздың әр азаматы үшін айтулы — Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Еліміздің жалынды жастары бастарын бәйгеге тігіп, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған қыршын ерліктері бүгінгі тәуелсіз еліміздің жарқын істерімен жалғасын табуда».

Тұрсынхан Жайықбаева,
Ойыл аудандық ауруханасының акушер-гинеколог дәрігері.
Тәуелсіздік құрдасымын деп мақтанамын

Тұрсынхан Жайықбаева 1991 жылы Ойыл ауданында дүниеге келген. 2008 жылы Ақтөбе Медициналық академиясына түскен. 2013 жылы акушерлік және гинекология интернатурасын, 2015 жылы акушерлік және гинекология резидентурасына аяқтаған. 2018 жылдан бастап  Ойыл аудандық ауруханасында акушер-гинеколог дәрігері болып қызмет атқаруда. Тәуелсіздіктің құрдасы бала кезінен ақ халат киіп, денсаулық сақтау саласында еңбек етуді армандаған.
«Тәуелсіздік мен үшін киелі ұғым. Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Еліміз тәуелсіздік алған күні дүние есігін ашқаным,егемендігімізбен тұспа-тұс келгеніне қуанамын. Ынтымақты ұран,татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында көптеген жетістіктерге жетті. Ендігі кезекте еліміздің көркейіп, дамуы біздің, яғни жастардың қолында.
Менің мамандығым әлдеқайда көп адамға көмек көрсету, қол ұшын созуды көздейді. Адамнан адам шығу оңай емес, бұл өте маңызды әрі қауіпті сәт. Өз жұмысымды сүйіспеншілікпен атқаруға дайынмын.
Тәуелсіздік құрдасы егемен елдің ауасымен тыныстап, еркін өскен өрені Тәуелсіздік деген тәтті ұғымның қадірін біз жақсы түсінеміз. Маған тағдыр мемлекетіміздің азаттық алған жылы жарық дүние есігін ашуды бұйыртыпты. Мен мұны мақтан етемін. Ендігі үлкен істер біздің еншімізге тиетіндігін білемін. Соған өзіндік үлес қосу – басты мақсатым. Қазір әр қадамыма есеп беріп, айналама ойлана қарайтын болдым. Барлық күш-қуатымды Отанымды көркейтуге, гүлдендіруге жұмсасам деймін. Келешекке қойған арман-мақсаттарым көп. Барша Қазақстандықтарды тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!»

Гаухар АЛЕКСЕЕВА, 
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар