Әкімдік

Амангелдіге алдымен балабақша қажет, Көгілдір отыннан Қарасулықтар да үмітті

Өткен аптада Көптоғай ауылдық округінің әкімі Ерлан Асылбаев округке қарасты Қарасу, Амангелді елді мекендерінің тұрғындарымен кездесіп, есеп беру жиынын өткізді. Ауыл әкімінің есеп беру жиынына аудандық мәслихат хатшысы Сәкен Займолдин мен аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев және бірқатар мекеме басшылары қатысты.

Онда алдымен округ әкімі Ерлан Асылбаев Көптоғай ауылдық округінің 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде баяндама жасап, алдағы атқарылатын басты міндеттеріне тоқталып өтсе, ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жергілікті билік өкілдеріне жеткізді.
Келесі кезекте аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев аудан бойынша атқарылған жұмыстар мен ағымдағы жылы жүзеге асатын ауқымды игі істер жөнінде ақпарат беріп, барыс жылындағы аудан үшін қуанышты жаңалықтармен бөлісті.
Әрі қарай кеңірек тоқталсақ, Қарасу алпысқа жуық түтіні бар шағын ауыл. Мұндағы тұрғындардың барлығы дерлік мал шаруашылығымен айналысады. Сондықтан негізгі табыс көзі — төрт түлікте. Шөбі шалғын, өзені ауыл іргесінде ағып жатыр. Тіпті құс бағып, бау-бақша салуға да өте қолайлы. Еліміз егемендік алғалы бұл ауылда да біраз өзгерістер болды. Тәуелсіздік жылдарында заманауи үлгідегі амбулатория салынса, мектептің жылыту қазандығы жаңартылып, электр қуатына алмасқан. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселе ауылға ауыз су мен көгілдір отын керек.
Амангелді жыл санап көркейіп, халықтың табиғи өсімі артып келе жатқан алдыңғы қатарлы ауылдардың бірі. Малмен күнкөріс жасап отқан ауыл болғанымен жаңашылдыққа ұмтылыс бар. Амангелді елді мекеніне балабақша керек. 100-ден аса түтіні бар ауылдың демографиялық динамикасы көңіл қуантады. Алайда, ауданның ең үлкен елді мекенінде балабақша мәселесі әлі күн тәртібінде тұр. Жыл сайынғы ауыл әкімінің есебінде тұрғындар тарапынан қозғалып жүрген мәселе биыл да жоғары деңгейде қозғалды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Қарасу-Амангелді-Ойыл.

Басқа жаңалықтар