ӘкімдікБасты тақырып
Ақ тарының ауылы тұрғындардың тілегі — жол
Аудан әкімі Дастан Сағыров Ш.Берсиев атындағы селолық округіне арнаған сапарын алдымен Құмжарған елді мекенінен бастады. Мектеп, фельдшерлік пунктке барып жалпы ауылдың тынысын көзімен көрді. Ауылдық клубта жергілікті тұрғындармен жүздесті. Мұнда да өзге ауылдардағыдай ортақ мәселе ауыз су мен ұялы байланыс бүгінгі күннің үлкен сұранысы болып отыр. Ұялы байланыс қондырғысын орнату үшін халық саны 1000 тұрғынға жету керек. Аудан әкімі облыс бойынша интернетке мұқтаж жалғыз біздің аудан екенін, егер алдағы күндері оптикалық талшықты интернет келсе, біраз елді мекенде байланыс жүйесі жылдамдығы артады. Ал ауыз су күн тәртібінде тұрған шешімін күткен шаруалардың бірі. Оны да облыс әкімінің хабардар екенін айтып, «Бердібек Машбекұлының назарында тұрған нәрсе аяқсыз қалмайды» — деді. Құмжарғанда шектеу алынды. Тұрғындар малдарын қалаған уақытта сойып, сатуға мүмкіндіктері бар. Аудан басшысы сол малдардың бағылуына мән берді.
«Ең бастысы жеке тұрғындардың малдарының бақташысы болу керек. Аталық малдарды көбірек қосып, асылдандыру жұмысы ауыл тұрғындарында баяу. Ал шаруа қожалықтары мұндай жұмыстарды өздері үшін жасайды. Біз жеке тұрғындардың арасында осындай жұмыстарды ұйымдастыруымыз керек» — деді. Жиналыстан соң жеке қабылдауға кіргендердің бірі Ләззат Байманова жеке бастың емес, ауылдың жайын жеткізді. Жергілікті әкімдіктің жұмысына риза екенін, ауылда жұмыссыздық азайғанын, «Өрлеу» бағдарламасы бойынша малы жоқ 1-2 тұрғынның бүгінде азын-аулақ ұсақ жандыққа ие болып отырғанын айтты. Оның айтуынша ауылдықтардың енді бір тілегі күре жолға жалғайтын 3 шақырым көтерме жолды жақсартуға көңіл бөлгенін қалайды. Түстен кейін аудан әкімі Қарасу елді мекеніне барып, ондағы тұрғындардың көтерген ауыз су мәселесімен таныс болды. Ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевке арналып салынған Даңқ мұнарасына тәу етті. Ал орталықтағы барлық әлеуметтік нысандарды аралап, клубтағы жиынға қатысты. Қараталдықтар ауданға жаңадан сайланып, ауылған алғаш рет ат басын тіреп отырған басшыға арыз-шағымдарын жаудырмай, ұсыныс-талаптарын кейінге іркіп, керісінше қадамына сәттілік тіледі. Ауыл ақсақалы Жауғашты Жонысов көптің атынан өзі сөйлеп негізгі мәселені жеткізе білді. «Дастан балам, бұл ауыл — еңбек батырлары көптеп шыққан киелі өңір. Бейсұла Құрманғазин, Қуаныш Ержанов, өзің білетін Шығанақ Берсиевтер туған жер. Және сынықшы Сүлеймен атамыздың басына тәу етушілер көп. Ауылға қонақ көп келеді. Осындай тұлғаларға ие ауылдың жолын өзің көрдің. Алдағы уақытта осы мәселені облыс басшысының алдына қойып, жеткізер деп ойлаймыз. Келіп ауылдың ахуалымен танысып жатырсың, ісіңе береке берсін!» — деді. Аудан әкімі ақ тарының атасына қанық екенін, ұсыныстардың барлығы ескерілетінін айтты. Әр ауылдардағы кездесулерден соң жеке қабылдау өткізіп, жиыннан соң жеке қабылдауда тұрғындардың өтініш-талаптарын тыңдады.
С.ЖҰБАНҒАЗИН.