Әкімдік
Екпеталдықтардың мұңы – екі шақырым жол
Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулері жыл сайын ҚР Президентінің «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткізіледі. Ойыл ауылдық округі Екпетал ауылының мектебінде өткен жиында Ойыл ауылдық округі әкімі Сәндібек Дәулетқалиев халыққа жыл ішінде атқарылған жұмыстарға нақты тоқталды. Тұрғындармен кездесуде ауылдың тазалығы, малдың күтімі, жол қатынасы сынды мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, ауыл әкімі Екпеталға шағын футбол алаңын салуды көздеп отыр.
Сондай-ақ, екпеталдықтар бұралқы иттердің қаптап кеткеніне де назар аударуды сұрайды. Және қазіргі уақыттағы өзекті болған Ойыл өзенінің жайын да қозғады. Ал, Ойыл өзенінің тартылу себебін тұрғындарға түсіндірген аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов табиғаттың мұндай құбылысын қалпына келтіру республикалық деңгейдегі шаруа екендігін айтып, бұл мәселе жан-жақты зерттеліп, облыстық деңгейде көтеріліп жатқандығын айтып өтті. Тұрғындардың ендігі бір тілегі – ауылдың кіре беріс екі шақырым жолы. Биыл осы жолды қатқылдандыру үшін щебень тас төсеу жоспарланып отырғандығын жеткізді. Сонымен қатар, газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындау жұмыстары жүргізіледі.
Тұрғындардың жекелеген сауалдарына әкімдердің есеп беру-кездесулеріне қатысқан мекеме басшылары жауап беріп, соңынан қоғамдық қабылдау өткізді.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл-Екпетал-Ойыл.