ӘкімдікБасты тақырып
Мәжіліс депутаты елдің тілегін тыңдады
ҚАЗІРГІ ТАҢДА ЕЛІМІЗДІҢ БАРЛЫҚ ӨҢІРЛЕРІНДЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ОБЛЫС, АУДАН, СОНЫҢ ІШІНДЕ ШАЛҒАЙДА ОРНАЛАСҚАН ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУЛЕРІ ӨТКІЗІЛУДЕ. ОСЫ ОРАЙДА КЕШЕ АУДАНЫМЫЗҒА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ АМАНҒАЛИ БЕРДАЛИН ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ.
Кездесу жиынына аудан тұрғындары, қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, көп балалы аналар және мекеме басшылары қатысты. Онда аталған жиынды тізгіндеген аудан басшысы Асқар Қазыбаев алғашқы сөз кезегі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманғали Бердалинге берді.
Аманғали Бисенбайұлы негізгі қызметі заң шығару қызметін жүзеге асыратындықтан оған бейжай қарауға болмайтындығын, сондықтан халықтың ұсынысын тыңдап, заңды күшіне енгізу керектігіне тоқталды. Жалпы Ақтөбе өңірінің тыныс-тіршілігін бес саусағындай білетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманғали Бердалин аудан тұрғындарын ашық сұхбат құруға шақырды.
Әрі қарай тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар көп болды. Бірі саясатты сөз етсе, бірі ұсыныс-тілектерін білдірді. Ендеше жеке бастың қамын емес, ел-жұртымыз үшін өзекті деген сауалдардың бірегейіне кезек берейік. Соңғы жылдары ойылдықтардың ортақ мәселесіне айналған Ойыл өзенінің жайы болса, оны осы жиында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Берік Бисекенов қозғады. Ортайған Ойылдың бүгінгі күйін жоғары билік өкілдеріне жеткізіп, өзеннің кеуіп кету қаупінің алдын алу жұмыстарын жандандырса деген ұсынысын айтты. Бұл мәселеден хабардар екенін жеткізген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманғали Бисенбайұлы қазіргі таңда Экология министрлігінен 4 миллиард 700 миллион теңге қаржы қаралып жатқандығынан мәлім етіп, алдымен Ойыл өзенін зерттеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ, Ойыл өзенінің арнасын кеңейту, өзен арнасын тазалау, бұлақтардың көзін ашу сынды жұмыстары жүргізіледі-мыс. Келесі кезекте Тілеген Алданаев Қаңтар оқиғасына байланысты ойымен бөлісіп, саясат саңлақтарын біраз сынға алды. Ал, Айсұлу Мамбетова әйел адамдардың зейнеткерлікке шығу жасын төмендетуге ұсыныс білдірді. Өйткені ауыл өмірінің ауыртпалығын арқалаған аналарымыз үшін 63 жастан зейнеткерлікке шығу деген өте ауыр екенін ашып айтты.
P.S. Кездесу жиынынан кейін аудандық спорт кешеніне арнайы барған кезегі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманғали Бердалин ондағы спортпен шұғылданушы жастармен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Тұғырлы додаларда топ жарып жүрген жастарға сәттілік тілеп, жұмыссыз жастардың кәсіппен айналысуы үшін қандай мүмкіндіктер барын сұрады. Бұл жөнінде Ойыл Жастар Ресурстық орталығының директоры Жангүл Ізгарина жан-жақты мәлімет берді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.