Спорт

Жүлделі орын- «Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» командасында

8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған аудан мекемелерінің қыз-келіншектері арасында волейболдан аудан біріншілігі өтті. Ойыл аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі атаулы күнге орай жыл сайын қыздар арасында волейболдан жарыс өткізеді. Биыл да жалғасын тапқан жарысқа 9 команда қатысты.
Көктем шуағын ала келген арулар мерекесіне орай өткізілген спорттық шараға аудан әкімі Асқар Қазыбаев арнайы қатысып мейірім мен нәзіктіктің, ізгілік пен тазалықтың бастауы бола білген аруларды мейрамдарымен құттықтады. Өткізіліп отырған жарысқа қатысушы командаларға сәтті ойын өрнегін көрсетуге тілектестігін жеткізді.
Төл мерекелеріне орай әйелдер арасында өткен жарыс – спортшылардың арасында бұқаралық дене тәрбиесі мен спортты, ауыл спортын дамыту, спортқа деген қызығушылығын, достық қарым-қатынастарын нығайту, ойыншылардың шеберлігін арттыру мақсатын көздеді.
Спорттық шараға ауылдық округтерден төрт, аудан орталығындағы мекемелерден құралған бес команда арасында өрбіген спорттық дода тартысқа толы болды.
Қызу тартыста өткен жарыстың нәтижесінде Ойыл қазақ орта мектебі ІІІ орынды иеленсе, Ә.Дербісәлин атындағы Саралжын орта мектебінің командасы ІІ орынға тұрақтады. Командалар арасында үздік ойын өрнегін көрсеткен Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің  командасы аудан біріншілігінің жеңімпаздары атанды.
Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бақберген Мұқамбетқали турнирге белсене қатысқан білім қызметкерлеріне алғысын білдіріп, «Үздік қорғаушы» аталымымен Ойыл қазақ орта мектебі командасынан Зина Бақытжанова, «Байланыстырушы» аталымымен Саралжын орта мектеп командасының ойыншысы Мөлдір Сабырова, «Ойыншы» аталымымен аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі командасынан Ләтипа Нұғыманова марапаттады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубоктар мен медальдар және сыйлықтар табысталды.

Г.АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар