Спорт

«ЕРЛЕР – ЖЕРДІҢ ҚОРҒАНЫ, ЕЛДІҢ ТҰТҚАСЫ»

Өткен сенбіде ауданымызда Қазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдығына арналған мерекелік шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығы атындағы орталық саябақта «Ерлер – жердің қорғаны, елдің тұтқасы» атты концерттік бағдарламамен басталды. Мерекелік шара мұнымен шектелмей ат спортынан Теңге ілу, Көкпар, Аударыспақ сынды ұлттық ойындарға ұласты.

Ауа райының қолайсыздығы қарамастан ат спорты жанашырлары ойын алаңынан алыстамады. Құмды дауыл ұйытқып соққанымен біздің бойында намысы қайраған жігіттеріміз ат құлағында ойнап, ұлттық ойындарды одан сайын қыздыра түсті. Толығырақ тарқатсақ, жазық жерде өткізілген теңге ілу сайысында жігіттердің атқа отыру шеберлігі мен денесін игеріп алған ептілігі мен икемділігі сынға салынды. Желіп келе жатқан аттың желісін баяулатпай төменге тез иіліп, теңгені көбірек іліп алғандар көпшіліктің ыстық қолдауына ие болды. Әйтсе де сәтсіз талпыныс жасаған спортшыларымызда болды.

Ал, аударыспақтан аты белді, атқа отырысы мығым, білікті де білекті жігіттер бақ сынасты. Бұл сайыстан ат пен ойыншы жігіттердің үндескен қимылдарына куә болдық. Ойынның шартына бағынған жігіттеріміз батыл да төзімді, байсалдылықпен шапшаң қимылдар бірі-біріне есе жіберіп алмауға тырысты. Одан кейін көпшілік асыға күткен жаппай көкпар өтті. Онда алғашқы салымды топ ішінен дара шыққан Еркебұлан Егізбаев салды. Осы тұста жанкүйерлердің қолдау білдірген айқай-шуы ат үстіндегі жігіттеріміздің қимылын үдетті. Әр салымға жеке кәсіпкерлер мен мекеме басшылары қаржылай демеушілік көрсетті.  Ат үстіндегі спорттық ойындардың әр түрі бойынша бағы мен бабы келіскен мықтылар жеңімпаз атанды. Нақтырақ айтсақ, теңге ілуден, Бекнұр Аубакиров үшінші орынды иеленсе, Дастан Жауғашты екінші орыннан көрінді. Ал, теңге ілуден Қуанышбек Төлегеновтің мерейі үстем болып, қарсыластарының барлығын шаң қаптырып кетті. Аударыспақтан Дәурен Жауғашты ІІІ орынды қанжығаласа, Қуанышбек Төлеген ІІ орынды еншіледі. Теңге ілуден тамаша өнер көрсеткен Дастан Жауғаштының аударыспақтан асығы алшысынан түсіп, үздік шықты.

Айта кетсек, Қыдыржан Айдынғали Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің 6 класс оқушысы ат спорты ойындарын тамашалауға арнайы тай мініп келіпті. Оны көзім шала салысымен арнайы тілдесіп қалуға тырыстым. Жас болса да ат спортына, атқа мініп, асау үйретуге қызығушылығы жоғары екен. Қыдыржан ағаларының ізін жалғап, көкпар тартқысы келеді. Оның осындай талпынысын көріп, болашағына үлкен сенім арттым. Болайын деп тұрған бала екен. Жарайсың Қыдыржан!

P.S. Бұған дейінде атаулы мерекелерде ат спортынан өткен шараларға белсенділік танытып жүрген жігіттер бұл жолы да ата-бабадан мұра боп жалғасқан ұлттық ойын түрлерін кеңінен насихаттады. Қазақ деген ұлттың мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, ұлттық рухымызды сілкіндіріп тастады. Ат спортын дамыту біздің аймақта кенже қалғанымен мереке күндері мен мерейтойларда жылына екі-үш мәрте ат тұяғын дүбірлетіп келеді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар