Спорт
Алғашқы қадам, айрықша ойын, алғашқы үштік
Жуырда «Ынтымақ пен Бірлік» күніне орай Атырау облысы, Мұқыр ауылында 1969 жылы туып-өскен азаматтардың ұйымдастыруымен «Көкпар» ойыны өткен болатын. Міне сол додаға Ойыл ауданының намысын қорғап «Қаракемер» командасы қатысқан еді. Бұл ат спортынан өтетін аудандағы сайыстардан алдыңғы қатардан көрініп жүрген айтулы команданың сырт жаққа шыққан алғашқы қадамы болды. Бап пен бақ қатар шабатын дүбірлі додадан біздің жігіттер құр қайтпады. Үшінші орынды еншілеп, көршілес аудандар арасында Ойылдың мәртебесін асқақтатты. «Көкпардың» қыр-сырын жақсы меңгерген біздің жігіттердің серкені тақымға қысып, қарсыласының алдын бөгеуге күштері жеткенімен аттары әлсіз болып қалды. Сондықтан қарсыласқа жеңісті қолдан беруге тура келген.
Біздің көкпаршылардың айтуынша көршілес ауданда жалпы ат спортына деген қолдау жоғары. Көкпарға арнайы ірі аттардан дайындаған. Сонымен бірге олармен күш сынасқан командалардың барлығы жан-жаққа шығып, әбден ысылап қалған. «Осы жағынан келгенде бізде жалпы ат спортына деген демеушіліктің сәл болса да кенже қалғаны байқалып тұрды», — дейді команда жетекшісі Айбат Үсенғалиев.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.