Әкімдік
Мал күтімі мардымсыз Тұрғындар да қамсыз қарайды
Өткен жұмада аудан әкімі Асқар Қазыбаев кезекті іс-сапарын Көптоғай ауылдық округінде жалғастырды. Ауыл тұрғындармен кездескен аудан басшысы кездесу жиынында халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттеріне кеңінен тоқталды. Толығырақ тарқатсақ, Амангелді де халық санының табиғи өсімі көңіл қуантады. Бұл жақта жыл сайын 5-6 жаңа үйден салу үрдісі жақсы қалыптасқан. Амангелді орта мектебінде 172 бала білім алуда. Келесі жылы жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын 25 бала аттағалы отыр. Бұл көрсеткіш көңіл қуантқанымен Амангелдіде балабақша салу мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары көгілдір отынның тезірек келуін сұрайды.
Ал, Көптоғайда биыл көптеген ауқымды істер атқарылмақ. Округ орталығының 4 көшесі асфальтталып, дәрігерлік амбулатория салынады. Оған қоса клубқа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Алайда ауыл тұрғындарының көтеріп отырған көкейкесті мәселесі көктем айларында канадалық әдіспен жасалған жолдың азабынан қашан құтыламыз дейді. Жол сапасыз жасалған. Олай болмағанда канадалық әдістің әлегін көптоғайлықтар көп көрді.
Шұбарши — Атырау облысы, Қызылқоға ауданымен шектесіп жатқан шағын ауыл. Ауылдың болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Алдағы уақытта көршілес ауданмен аралықты тас жол жалғайтын болса тұрғындардың табыс көзі артып, Шұбарши шырайланып шыға келері сөзсіз. Қазіргі таңда шағын ауылдарға мемлекет тарапынан қолдау жоқ емес. Биыл Шұбаршиге ауыл балаларына арналып, заманауи үлгідегі жасанды төсенішті шағын футбол алаңы салынады.
Айта кетсек, қазір барлық ауылдарда малды күтіп бағу жұмыстарында неқұрайлылық басым. Малды бағатын малшылар шыққанымен тұрғындар тарапынан қамсыздық бар. Ешкім қалтасынан артық ақша шығарып, малын күтуге қосуға белсенділік танытпай келеді. Қазіргі таңда тұрғындардың жеке малдары көбеюіне байланысты, мал жайылымы тарылып отыр. Содан келіп көп малдың тұяғы ауылдың айналасын тоздырып жатқаны да жасырын емес. Сондықтан тұрғындарды малды бағудың мәдениетін сақтауға шақырамыз.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Амангелді-Көптоғай-Шұбарши-Ойыл.