Басты тақырыпРухани жаңғыруСпорт

Ұлыстың ұлы күні, ұлттық ойындарға ұласты

Кеше аудан орталығында Ұлыстың ұлы күніне орай таңертемен басталған мерекелік іс-шаралар түске таман сай астында ат үстіндегі ұлттық ойындармен жалғасты. Ата-бабамыз әлимсақтан қазақтың болмысымен тектілігін жылқы жануарына теңеген. Демек, жылқы мен қазақ егіз ұғым болса керек. Міне сол жылқының ішіндегі қазанаты да, жігіттің ішіндегі нағыз азаматы да біздің ауданда жетерлік. Олай дейтін себебіміз жалпы ат спортының дамуына атбегі, шабандоз, көкпаршылармен қатар аудан жұртшылығы жаппай ат салысып келеді. Оның нақты айғағы бүгінгі өткен теңге алу сайысына ауданның 1983 жылы туылған азаматтары, аударыспақтан Талғат Сәттібаев, көкпардан «Береке» шаруа қожалығының жетекшісі Жексембай Берекеновтер қаржылай демеушілік көрсетті. Әрі қарай жалғасақ, сай астындағы ат спортын тамашалауға келген адам қарасы көп болды. Ат тұяғының дүбіріне делебесі қозған ағайын ат жалын тартып мінген әр азаматқа қолдау білдірді. Үлкендерге арнайылап тігілген ағаш үйлерден наурыз көже таратылды. Аудан орталығындағы дүкені бар кәсіпкерлер көпшілікке қажетті тағамдар мен сусындар шығарды.

Ат үстінде отырып тегіс жерден теңге алу сайысына тақымды сайып қырандарымыз қатысты. Ойыншыларымыз қос тартпалы ерттелген аттарымен ойынның шарты бойынша белгіленген аймақтан теңгеге жеткенше жүгіріп келіп, тегіс жерде арнайы қойылған теңгені ептілікпен еңкейе алды. Жазық жердегі теңгені шеберлікпен алу сайысында Ерлан Қанатов үшінші орынды еншілесе, екінші орын Бақберген Базарбаевқа бұйырды. Бірінші орынды әп дегеннен теңгені іліп әкеткен Нұрбек Санатов жеңіп алды. Одан кейін аударыспақта нағыз батыр тұлғалы, күшіне мығым жігіттеріміз атқа қонды. Ойыннан басынан қарсылас шыдатпаған Әділет Қайранбаев аударыспақтан дара көрінсе, Дәурен Жауғашты екінші орынға жайғасты. Үшінші орын Бекзат Ауданбекұлының еншіледі. Одан кейін ат спорты өтіп жатқан алаңда әр ауылдан үмітін үкілеп әкелген тайлар сап түзеді. Бәйге алаңына бірінші рет тұяқ тигізіп тұрған тайлардың жұлдыздай аққан шабысы барша жұртшылықты біраз таңқалдырды. Жаратылып, бабында тұрған тайлардың аяқ алысы мен шабандоздың шеберлігі бәйге басталғаннан-ақ алға ұмтылған көріністен байқалды. Сонымен бірге адамдарды көріп қарасынған тайлардың басқа жаққа жасқаншақтап тартынған тұстары да біздің назарда болды. Тай жарыстың қорытындысына келсек, Әлібек Бюриннің «Бұйра жал» атты тайы мәре сызығын бірінші болып кесіп өтсе, Бекзат Сұлташовтың «Ақбақай» атты тайы мәреге екінші болып келді. Ал, мәреге  Қажымұқан Бюриннің «Байқасқа» атты тайы үшінші болып жетті. Ұлыстың ұлы күніндегі ұлттық ойындар әрі қарай көкпарға ұласты. Бұл додаға Қаракемер, Берсиев, Амангелді командалары қатысып, тартысты ойын көрсетті. Тақымдары темірдей спортшыларымыз ойынның ережесіне бағынды. Бұған дейінде аудандағы ат үстіндегі ұлттық ойындарға бірнеше рет шығып жүрген жігіттеріміз ойын үстінде ешқандай дау тудырмады. Керісінше шеберліктерін көкпар алаңында көрсете білді. Нәтижесінде Берсиев командасы үшінші орында жайғасса, Амангелді командасы екінші орынды місе тұтты. Ал, ойын басынан ептілікпен ерекшелене көз түскен Қаракемер командасы қарымды ойын көрсетіп жеңімпаз атанды. Атап өтсек далада өткен ұлттық спорт түріне қолдау көп болды. Бір қуанарлығы ат үстіндегі дүбірлі додаға қаракемерліктен сәйгүліктерін әбден жаратып әкеліпті. Оны жаппай көкпарда да бірнеше рет дәлелдеп берді. Жаппай көкпар өте тартысты болды. Жиылған жұртшылықтың нағыз қаны қызып, делебесі қозған шақ осы жаппай көкпарда анық байқалды. Бұл бәсекеде топ ішінен шыққан Нұрбек Санатов қатарынан үш салым салып, атымтай азаматтар тіккен бірнеше қаржылай сыйлыққа қол жеткізді. Дүбірлі доданың соңында барлық спортшыларға қаржылай сыйлықтармен бірге мақтау қағаздары табысталды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар