Әкімдік

Қай учаскеге тіркелгеніңді Telegram bot арқылы білуге болады

Референдум кезінде учаскелерде дауыс беру қалай өтеді, учаскелік комиссиялар қандай ережені басшылыққа алуға тиіс, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қандай мүмкіндік қарастырылған? Осы және өзге де сұрақтар Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың қатысуымен өткен облыстық семинар-кеңес барысында талқыланды.

— Біздің негізгі міндетіміз — 5 маусым күні еліміздің әрбір азаматы референдумға келіп, өз таңдауын еркін жасай алатындай етіп, ұйымдастыру. Бүгінгі таңда барлық сайлау учаскелері жұмыс жасап тұр. Еліміздің референдумға қатысуға құқығы бар әр азаматы сайлау учаскесіне барып, өзінің сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексеріп, қажет болған жағдайда өзге учаскеде дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін ала алады, — деді Константин Петров.

Семинар-кеңес барысында сөз алған облыс әкімі аппаратының басшысы Қайрат Райымқұлов референдумға дайындық шаралары өңірде бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты. 15 мамыр күні қала және аудан әкімдері дауыс берушілер тізімдерін барлық референдум комиссияларына берген. Облыстағы дауыс берушілер саны — 559 119 адам.

— Облыста 531 референдум комиссиясы бар, оның 14-і — аумақтық, ал 517-сі — учаскелік референдум комиссиясы. Бүгінде референдум комиссиялары жұмыстарына кірісті. Референдум учаскелері материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін тиісті жағдайлар жасалды, жұмыс әлі де жалғасуда, — деді Қайрат Райымқұлов.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруін ұйымдастыру үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылғаны туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асланбек Шүйіншалиев баяндап берді. Оның айтуынша, референдум кезінде облыс бойынша есту және көру қабілеті нашар, кресло-арбаларда отыратын 2162 адамға дауыс беру учаскелерінде қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет.

— Облыстағы 517 референдум учаскесінің 498-інде пандустар мен пандус-құрылғылары бар, ал қалған 19 учаскеге пандус орнатудың қажеті жоқ. Өйткені, учаскелерге кіретін есіктерде  табалдырық та,  баспалдақ та жоқ. Сондай-ақ референдум учаскелерінің кіреберісі мен ішінде тактильді көрсеткіштер мен төсеніштер орнатылған. Барлық учаскелерде жасырын дауыс беруге арналған кабиналар бар. Дауыс беру күні Ақтөбе қаласында және аудандарда  инватакси қызметі ұйымдастырылып,  сурдоаударма мамандары тартылады. Әр учаскеде сурдоаударма жасау мақсатында қосымша видео-диспетчерлік байланыс қызметі ұйымдастырылады, — деді басқарма басшысы.

Референдумды ұйымдастыру жөніндегі қалалық, аудандық комиссияларының төрағалары мен хатшылары шақырылған семинар барысында облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Болат Расқалиев Ата Заңға енгізілетін өзгерістер туралы баяндады. Ал облыс прокурорының орынбасары Азамат Кустанов республикалық референдум туралы заңнаманы бұзғандар үшін қандай жауапкершілік қарастырылғаны туралы айтты.

Семинар басырында облыстық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов 20 мамырдан бастап референдумға қатысушыларға шақырту қағаздары таратылып, көп қабатты үйлердің подъездеріне ақпараттық плакаттар ілінетінін хабарлады. Үгіт-насихат жұмыстары 4 маусымға дейін жүргізіледі. Ал 4 маусым — тыныштық күні.

Айта кетейік, референдумға қатысуға құқығы бар кез келген азамат Орталық референдум комиссиясы мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп ұйымдастырған сервистің сілтемесі арқылы, сондай-ақ Ақтөбе облысының әкімдігінің ұйымдастыруымен іске қосылған Telegram bot каналы арқылы өзінің қай учаскеге бекітілгенін анықтай алады.
 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар