Мәдениет

ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ЖҰРТ ЖАДЫНАН ӨШПЕЙДІ

31 мамыр — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. 1931-1932 жылдардағы ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін — ұмытуға болмайтын кезең. Бұл күн қазақ баласы көкірегін қарс айырып, бір сәт күрсінетін күн. ХХ — ғасырдағы саяси қуғын-сүргін — мыңдаған жазықсыз жандардың қаны мен көз жасына жуылған шерлі тарих беттерінің бірі.Осы орайда өткен сәрсенбі «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы саябақта саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы өтті. Шара барысында сөз алған аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы осы зұлмат жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпай, оларды мәңгі есте сақтау біздің ендігі жердегі борышымызға айналғандығын атап айтты. Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінің директоры Балқия Рысбаева баяндама жасап, Ойыл ауданынан қуғын-сүргінге ұшыраған отбасылар туралы деректерге тоқталды. Сонымен бірге қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары атынан сөз алған Жауынбай Абдырахманов атаулы күннің маңызы жөнінде сөз тарқатып, «Азапты күндер енді қайтып келмесін» деген ниетін жеткізді . Әрі қарай жазықсыз жапа шегіп, асыра сілтеудің құрбаны болған азаматтарды еске алу құрметіне бір минут үнсіздік жарияланып, қуғын-сүргін қанқұйлы саясатының құрбаны болған бабаларымыздың рухына Амангелді ауылдық мешітінің имамы Жамаладдин Дүйсенов құран бағыштады. Шара соңында барша жиылған жұртшылық қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Г.АБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар