Басты тақырыпМәдениетРухани жаңғыруСұхбат

Сынықшы атаға ас беріліп, Ұлттық спорттың көрігі қызды

Ойыл түлігі облыстың аумағына сынықшы Сүлеймен әулиені таныстыру артық. Қиналғанды демеп, талай адамды өмірге қайта қанат қақтырған Сүлеймен атаның мертіккен малға да тиген шапағаты көп.
Өткен ғасырдың басында Ойыл өңірінде дүниеге келіп, сол уақыттағы саясаттың салдарынан небір талайлы тағдырды басынан кешкен әулиенің мәңгілік дамыл тапқан мекені өзінің соңғы күндеріне өмір сүрген ауылы – Қараталдың іргесіндегі қорым. Бірнеше ұрпағынан бері қарай қасиет қонған Сүлеймен әулиенің биыл туғанына 115 жыл толды. Өткен сенбі күні туған жерінде ас беріліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Ашылу салтанатында аудан әкімі Асқар Қазыбаев пен ұлы Базарбай Сүлейменов жұртшылықты мерекемен құттықтап, лебіздерін білдірсе, ұрпақтары атынан Сапарбай Сұлтанов додаға түскелі тұрған палуандарға бата берді.
Алдымен жаппай көкпардан өткен жарысқа Ақтөбе қаласынан, Байғанин, Темір, Ойыл аудандарынан және Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылынан командалар қатысты. Бір салымға 20 мың теңгеден тігіліп, жүлде қоры барлығы 400 мың теңге болды. Әрине, ат спорты біздің өңірде кенжелеп қалған спорт. Тек соңғы жылдары қаракемерліктердің арқасында ғана қарқын алып келеді. Жаппай көкпарда да командалық қимылды шебер меңгергендердің мерейі үстем болды. Ойылдықтар да үлестерін алып үлгерді.
Ал, аударыспақта палуанның өзінен бұрын атының қимылының да жеңіске қосар үлесі көп екеніне көзіміз жетті. Үстіндегі палуан қарсыласына ұмтылғанда атының өзі омыраулап, болмаса қиялап тартып қарсыласын атынан аударуға сеп болғанын көрдік. Біздің жігіттердің әлі жеткенімен әдісі жетпей жатты. Яғни, аттарының мұндай жарыстарға түспегені көрініп тұрды. Нәтижесінде аударыспақтың жүлдесінің бәрі ақтөбелік жігіттердің қанжығасында кетті.
УАЗ автокөлігін сүйреуде жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Үшінші жүлдені көптоғайлық Ермек Мүсіров иеленсе, екінші орынды ақтөбелік Арман Сағынбаев алды. Бас жүлде межелі жерге машинаны бәрінен жылдам жеткізген қараталдық Қайсар Құсанға бұйырды.
Ал, қошқар көтеруге тілек білдірген 11 жігіттің ішінен қараталдық Аманбек Жабасовтан асып түсер адам болмады.
Жарыстың жүлде қорын Сүлеймен атаның ұрпақтары көтерді. Жарыстан соң, әулие атаның аруағына құран бағышталып, қонақтарға ас берілді.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар