ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
«ҚҰТ ҚОНҒАН, ЖАҚҰТ БОЛҒАН – ӘЗ, НАУРЫЗ!»
Биылғы Наурыз мейрамы он күндік ғұрыпты қайта жаңартуымен ерекше. Арнайы тұжырымдамаға сәйкес, 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні.
Бұл күн мәдениет, өнер мен ұлттық салт – дәстүр насихатына арналған. Негізгі мақсат – халқымыздың дүниетанымы, салт – дәстүр, әдет – ғұрпы мен жөн-жоралғы, наным-сенімін, халықтың рухани өзегі, тілінің тірегі, төл мәдениетіміздің алтын арқауы ұлттық ұстанымын насихаттау.
Жолмырзаев, Берсиев, Масатов, Шернияз көшелерінде орналасқан аудандық оқушылар үйі, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы, Ойыл ауданы бойынша статистика басқармасы, «Ойыл бизнес-инкубатор қоры» мекеме қызметкерлері мен көше кәсіпкерлері және тұрғындарының бірлесе ұйымдастыруымен аудандық оқушылар үйі алаңында «Құт қонған, жақұт болған – Әз, Наурыз!» атты көше Наурыз мейрамы өтті. Шараға аудан әкімі А.Қазыбаев қатысып, халыққа мерекелік құттықтау лебізін білдірді.
Ата-бабадан жеткен жөн — жоралғылары мен дәстүрлерін ұлықтай отыра, айтулы шарада Тұсау кесер, Бесікке салу рәсімдері көрсетілді. Үлкендер ақ батасын беріп, ізгі тілектерін білдірді. «Жастық» сауда орталығында орналасқан «Меруерт» ательесінің қазақы ұлттық нақышта тігілген «Наурыз – 2024» туындыларынан сән үлгісі көрсетілді.
Ұлттық тағамдарға толы ақ дастарханнан, наурыз көже, ыстық бауырсақтан аудан тұрғындары ауыз тиіп, өз алғыстарын білдірді. Қазақтың асық ату, арқан тартыс сынды ұлттық спорттық ойындары ойнатылды. Мереке соңы қазақ халқының салт – дәстүріне байланысты сұрақ – жауап айдарына ұласып, жауабын тапқан тұрғындарға сыйлықтар табыс етілді.
Сонымен қатар, «Ердәулет» құрылыс дүкенінің алдында ақ шаңқан киіз үй тігіліп, сол төңіректегі тұрғындардың белсенді атсалысуымен өткен шараны ұйымдастыру аудандық музыка мектебі мен «Көкжар» коммуналдық кәсіпорнына жүктелген-ді. Екібаев, Көкжар, Берсиев көшелерінде орналасқан аудандық музыка мектебі, «Көкжар» коммуналдық мекемесі,«Ердәулет» құрылыс дүкенінің қызметкерлері мен көше кәсіпкерлері және тұрғындарының бірлесе ұйымдастыруымен, «Ердәулет» құрылыс дүкенінің алдында «Әз, Наурыз — желмаясы ізгіліктің» атты көше Наурыз мейрамы өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары М.Айдарбаев қатысып, жұртшылықты құттықтады. Мұнда да ұйымдастырушылардың бірі өнерлі жастар ордасы – музыка мектебі болған соң, бүгінгі күннің атауына орай мереке тек аста-төк дастарханмен емес, танымдық іс-шаралармен ұштасты.
Жиналған халыққа қазақтың салт-дәстүрлері көрсетіліп, музыка мектебінің өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, мың бұралған билерін ұсынды. Наурыз көже, ақ пен дәмнен ауыз тиген үлкендер, өз тілектерін білдіріп, ақ баталарын берді. Қазақтың ұлттық спорттық ойындары ойнатылып, жеңіске жеткен жеңімпаздарға көшенің жеке кәсіпкерлері атынан сыйлықтар табысталды. Мереке соңы көше бүлдіршіндерінің концерттік бағдарламасына ұласты.