Басты тақырып

ЕКПЕТАЛДЫҚТАРДЫҢ ҚУАНЫШЫ ЕСЕЛЕНГЕН КҮН

Бүгінде жастардың спортпен айналысуына барша жағдай жасалып, ізгілікті істер қолға алынуда. Жалпы ауданда бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді. Айта кету керек, соңғы жылдары мемлекеттік қаражат есебінен, іскер азаматтардың да ұйытқы болуымен ауылдық жерлерде спорттық нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілуде. Соның бірі Екпетал елді мекенінде заманауи үлгіде салынған шағын футбол алаңы. Футбол алаңына жергілікті бюджеттен 7 миллион теңге бөлініп, екі аптаның ішінде бой көтерді.

Жасанды төсенішпен жасақталған шағын футбол алаңының құрылысын жеке кәсіпкер «Уразгулова» жүргізген. 7 миллион теңгеге салынған жаңа алаңның ұзындығы 36 метр, ені 16 метр. 648 шаршы метрді алып жатқан шағын спорт алаңына футбол қақпасы, волейбол, баскетбол торлары қойылған.

Өткен жұма шағын футбол алаңы салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев екпеталдықтарды қуаныштарымен құттықтап, ауданда футболды дамыту мәселесіне көп көңіл бөлініп келетінін жеткізіп, соның нәтижесінде жас футболшылар республикалық турнирлерде аудан намысын абыроймен қорғап жүргенін атап айтты. Әрі қарай сөз алған ауыл тұрғыны, спорт саласының ардагері Нұрлан Бисенбин тұрғындар атынан ыстық ықыласын жеткізіп, ақ батасын берді. Елге тарту етілген спорт алаңын жақсы күйде ұстау ауылдықтардың міндеті екенін жеткізді.

Салтанатты  шара соңы шағын футболдан ауыл жастарының жолдастық турниріне ұласты.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл-Екпетал-Ойыл.

Басқа жаңалықтар