ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
350 ОҚУШЫ САБАҚ ҚҰРАЛДАРЫМЕН ҚАМТЫЛДЫ ТАЛҒАТТЫҢ ТАРТУЫНА ТАҒЫ ДА КУӘ БОЛДЫҚ!
2022 жыл елімізде балалар жылы деп жарияланды. Бүгінгі бала - ертеңгі болашақ, Тәуелсіздік деген алып бәйтерегеміздің алтын дінгегі де осы балаларымыз. Демек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы жылды «Балалар жылы» деп жарялауының да түп-төркіні осында жатыр.
Қазақта «Берсең, балаға бер!» деген даналық бар. Әрбір бала бақытты өмір сүруге лайықты. Сондықтан балаларға қамқорлықпен болашағы үшін бар жағдайды жасау әрбір ата-ананың міндеті. Жасалған жағдай, баланы еркелік пен енжарлыққа бой алдыру үшін емес, білім мен ғылымға ұмтылысын мұқият бақылап, ұлтқа қызмет етуге тәрбиелеуге бағытталуы тиіс. «Келешектің тұтқасы — білімді ұрпақта» екенін ескеруіміз керек.
Осы орайда «AMANAT» партиясының мүшесі, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Талғат Маратұлының елге деген жанашырлығы және қолдауымен «Мектепке жол!», «Баланы мектепке даярлайық!» акциялары аясында биыл мектеп табалдырығын аттағалы отырған 350 оқушыға 3 миллион 500 мың теңге қаржыға сабақ құралдарын тарту етті. Бұған дейін де туған жерге қаржылай көмек қолын созып жүрген жерлесіміз, атымтай азамат Талғат Салфиковтың ісі көпке үлгі. Елім деп еміренген азамат жерлестерінің алғысын алып жүр. Біз Талғат Маратұлының елге деген тартуын баспасөз беттеріне жариялап, сан-мәрте қалам тербеп келеміз. Атақ үшін емес, ауылдастарының ақ батасын алып жүрген азаматтың әрдайым игі іске ұйытқы болуын біз елге, туған жерге деген шексіз құрмет деп білеміз. Демек, «Елім деп езіліп, жұртым деп жұмылып» елге өлшеусіз еңбегімен қызмет қылып жүрген азаматтардың алдыңғы легінде Талғат Маратұлы тұр десек артық айтқандық болмас!
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.