Басты тақырыпСпорт
ҚОШЕМЕТПЕН ҚҰРМЕТКЕ ҰЛАСҚАН ШАРА
Өткен сенбіде жерлесіміз, самбо, қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер Әбілхан Әжниязовтың 60 жас мерейтойына орай 2007-2008 жылғы туылған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен облыстық турнир өтті.
Уақытында ауданның ішкі саясат бөлімінде басшылық қызметін атқарған Әбілхан ағамыз аудан әкімінің орынбасары қызметіне дейін атқарған. Балғын шағынан бойына патриоттық сезімін сіңіріп өскен Әбілхан Нұрғалымұлы халқымен тығыз байланыста болды. Елім деп еміреніп еңбек қылды. Биліктің кембағал тұстарына көз жұма қарай алмады. Атақ қумады. Соның арқасында өзінің ортасында өте сыйлы болды. Оның адамгершілік қасиеттері мен қарапайымдылығы әлі де көпке үлгі бола бермек. Спорттық доданың ашылу салтанатында Әбілхан Нұрғалымұлын аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев пен бірқатар мекеме басшылары және спорттағы серіктері жолдас жоралары 60 жас мерей тойымен құттықтап, сый-сыяпаттарын ұсынды. Бірі шапан жауып құрмет көрсетсе, шәкірттері ұстаздарының құрметіне ат мінгізді. Шәкірттерінің ұйытқы болуымен өткен айтулы шара жоғары деңгейде өтті. Қазақ күресінен өткен турнирде Ақтөбе командасы мен Ақтөбе ұлттық спорт мектебінің балғын палуандары боз кілемдегі жарысты қыздыра түсті. Біздің ойылдық балғын палуандарымыз да қарсыласқа есе жібермеуге тырысты. Нәтижесінде, ойылдық палуандарымыз негізінен жүлденің екінші, үшінші орындарын иеленгенімен, тек 46 кг салмақ дәрежесінде Темірлан Тоқышев қана жеңімпаз атанды. Ал, қалған 38, 42, 50, 55, 60, 66 килограмм салмақ дәрежесінде боз кілемде шыңдалып, бабында күрескен ақтөбелік балғындарымыздың бағы жанды. Сонымен қатар +66 кг салмақ дәрежесі бойынша ақтөбелік Арсен Сошнин «Түйе палуан» атанды.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.