Басты тақырып

ҚАРАКЕМЕР, АҚШАТАУ АУЫЗБІРЛІГІ МОЛ АУЫЛДАР!

Өткен аптада аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың ауыл тұрғындармен кездесу іссапары Қаракемер, Ақшатау елді мекендерінде жалғасты. Айта кетсек, тұрғындармен кездесу жиыны бұл жолы ерекше форматта өтті. Бұрын аудан басшысы жасалған жұмыстарды парақ-парақ баяндама арқылы хабардар етсе, қазір ауданда атқарылған ауқымды жобалар мен ауылдық округтердің күн тәртібіндегі тұрған мәселелері бойынша мағлұматтарын көгілдір экран арқылы нақты, әрі түсінікті етіп көрсетті. Әр сала бойынша жасалған жұмыстардың көрсеткіштері мен атқарылуға тиіс жобалар жан-жақты, тып-тыянақты жеткізілді.

Толығырақ тарқатсақ, Қаракемерде тұрғындардың тілегі балабақша. Одан кейін ауыз судың әлегі. Қазір қаракемерліктер ауыз суды жеткілікті деңгейде тұтынып отыр. Алайда, тұрғындар бұған дейін ауыз судың арагідік тоқтап қалатын кездерін жасырмады. Бұл мәселе бойынша аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы толыққанды жауап беріп, тиісті органдарға бірқатар тапсырмалар берді. Ал, Қаракемер ауылының тұрғындарын толғандырып отырған балабақша мәселесі бойынша, бала санын анықтау арқылы айтулы мәселенің шешімін шығару алдағы күндердің еншісінде қалды.

Одан кейін аудан басшысының тұрғындармен кездесуі Ақшатауда жалғасты. Ақшатау ауыз бірлігі мықты ауыл. Сондықтан болар кезекті сауалдарын кезектесе жолдап, әкімнің сөзіне ден қойып, сан сауалдардың жауабын байыппен тыңдады. Соның нәтижесінде елге қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, ойларын еркін, ашық айтты. Мұндағы мәселе — Ақшатауға клуб керек. Алайда ауыл тұрғындары үкіметке алақан жайып отырған жоқ. Керісінше мемлекеттің атқарып отырған жұмыстарына дән риза. Себебі, ауылда ауыз су, жарық, ұялы байланыс сынды мәселер шешімін тапқанына қуанышты. Ауызбірліктің, елге, туған жерге деген ыстық патриоттық сезімнің арқасында ауылға клуб салу мәселесін демеушілік арқылы шешу жолдарын бастап кеткен. Қазір ауылдастардың демеушілігімен ауылдық клубтың қабырғасы қаланып тұр. Енді төбесін жауып, әрі қарай құрылыс жұмыстарын тұралатпауды ойластыруда.

Қаракемер мен Ақшатаудағы ең өзекті мәселе — мал азығын даярлайтын жер тапшы. Бұл ауыл аумағында жер жоқ дегендік емес. Шүбі шүйгін жерлердің дені жағалай жеке шаруа қожалықтарға беріліп қойған. Бұл мәселе бойынша тиісті мамандар проблеманың шешу шараларын қолға алып, қатар жатқан қос елді мекен мал азығымен толықтай қамтылатынын жеткізді.

Айта кетсек, Қаракемер мен Ақшатауда көптеген игі шаралар атқарылған. Село әкімі Сәндібек Дәулетқалиевтің жұмысына ауылдың үлкендері оң бағасын беріп отыр. Енді аталған ауылдың халқы қомақты қаржыны қажет ететін жол, көгілдір отын сынды мәселелердің тезірек жүзеге асуын күтеді.

P.S. Кездесу соңында аудан әкімі Асқар Қазыбаев ауыл тұрғындарын жеке сауалдары бойынша қабылдау өткізді. Жеке қабылдауға бірқатар мекеме басшылары да қатысты.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Қаракемер-Ақшатау-Ойыл.

Басқа жаңалықтар