ӘлеуметБасты тақырып
Қаңғыбас иттен қауіп көп!
Мақаламыздың аты айтып тұрғандай, көше кезіп қаңғып жүрген иттердің аудан тұрғындары үшін қаупі басым. Көшеде көзіміз шалатын бұралқы иттер бүгінгі күннің өзекті мәселелірінің бірі. Сол көше кезіп жүрген иттердің бәр бірдей иесіз емес қой. Бірақ итті ұстап, күтіп-баптау қағидаларын орындап жатқан адам жоқ. Байқаймыз көбісі бос жібере салады. Бос жүрген иттің ойына келгенін істейтіні анық. Көше немесе дала кезіп күл-қоқысты аралап кетеді. Иттен жұғатын аурудың бәрі де даладан жабысатыны белгілі. Бос жүрген иттің бірде-біреуі арнайы екпе алмағаны аян. Ал иесіз көше кезіп жүрген «саққұлақтарды» күнделікті тазалап, залалсыздандырып жатқан адам тағы жоқ. Ал, мұндай айналаға қауіпті хайуанды қалай жоямыз? Мәселені қозғамас бұрын сала мамандарымен ақылдасуды жөн көрдік.
Мамандардың айтуынша, бұралқы иттердің санының көбеюіне себеп – тұрғындарының асырап келген жануарларына күтім жасамай, қараусыз басқа орындарға немесе далаға тастап кетулері. Нәтижесінде аш қалған бұралқы иттер топ-тобымен үй жануарлары мен үй құстарына «түсіп», кейде адамдарға да шабуыл жасағандығын құлағымыз шалып жүр.
Елімізде бұралқы иттердің мәселесін шешу үшін былтыр 30 желтоқсанда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң шыққан болатын. Ол биыл 2 наурыздан бастап өз күшіне енді. Осы қаулыда қараусыз иттерге жауапкершілікпен қарап, бірден өлтірмей, иесі анықталғанша 2 айға дейін ұстап, бағу көзделген. Сол себепті атуға рұқсат жоқ. Мамандардың айтуынша Ойыл ауданында иттерді уақытша ұстайтын арнайы жер жасақталмаған. Иттерді нақты қай ұйым аулайтыны да әлі белгісіз. Мемлекеттік тапсырыс бойынша кәсіпкер немесе ветеринарлық ұйымға жүктелуі мүмкін. Бұл мәселе уақыт еншісінде.
Заң бойынша қаңғыбас иттерді азайту, олардың күшіктеуін тоқтату арқылы жүзеге аспақ. Яғни, кастрация жасау жолы бұл мәселенің айқын шешімі болып отыр. Ол үшін оларды өлтірмей, ауруы болса емдеп, еркегін кестіріп, аналығының да күшіктеуін шектеп тастайды. Бұралқы иттер осылайша бірте-бірте азаяды.
Естеріңізге сала кетсек, жаңа заң бойынша бос жүрген иттің иесі жеке тұлға болса — 10 айлық есептік көрсеткіш, лауазымды тұлға болса— 20, заңды тұлға болса 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге тиіс. Егер бір жылдың ішінде осындай тәртіпсіздік қайталанса, айыппұлды екі есе төлеуге тура келеді. Ал итіңіз адамды қауып, тістеп алған жағдайда бұдан да көп шығындануыңыз әбден мүмкін.
Қазіргі таңда бұл заң аясындағы жұмыстар жан-жақты қызу талқыланып жатыр. Әйтсе де ескеретін жайттар көп. Алдымен иттерді ұстайтын панажай салынуға тиіс. Бұл мәселе бұған дейін де көтерілген. Бірақ түпкілікті шешілу нәтижесі күрделілеу болғандықтан, «жабулы күйінде қалған қазанның» қақпағын жаңа заң қайта ашуға мәжбүрлеп тұр.
Бұған дейін біз заңды орындау жолын ойланып жүргенде, салқын түсе бастағасын дала кезген қаңғыбас иттер топталып, ауыл төңірегіндегі малдарға шауып тұр. Бірнеше оқиға тіркелді. Тіпті шеткері аймақтардағы аулаға да түсіп тұр. Бұл демек, малға, малды баққан адамға да қауіпті деген сөз. Тіпті топталған иттердің ауылға кіріп, адамға шаппасына да кепілдік жоқ. Күн қысқарып келеді. Оқушы балалар мектептен қараңғы түскесін шығады.
Басты сұрақ алдағы уақытта бос жүрген иттердің «бостандығын» шектей аламыз ба? Ал, олардың ең кемі тең жартысы күшіктесе, қауіп те екі есеге көбейгелі тұр. Итті аяймыз деп жүргенде адамдардың қауіпсіздігіне кім кепіл болады?
Әділет ШАБАЙ,
Ойыл селосы.