ӘлеуметБасты тақырып

Серпін берген «Жастар жылы»

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІМІЗ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ «ЖАСТАР ЖЫЛЫ» ДЕП АТАДЫ. МІНЕ ОНЫҢ АЙҒАҚТЫ КӨРІНІСІ РЕТІНДЕ ЖАСТАРДЫҢ КӘСІППЕН АЙНАЛЫСЫП, ЖОҒАРЫ БІЛІМ ОРЫНДАРЫНДА САПАЛЫ БІЛІМ АЛУЛАРЫМЕН ҚАТАР ЖЕР-ЖЕРДЕ ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН АЛУАН ТҮРЛІ ШАРАЛАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУДА.

Осы орайда өткен жұмада аудан орталығында Жастар жылына орай «Жастар – болашаққа жол бастар!» атты аймақтық жастар күні өткізілді. Айтулы шараға Ақтөбе облысының Байғанин, Темір аудандарынан және көршілес Атырау облысының Қызылқоға, Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе аудандарынының белсенді жастарынан құрылған делегат арнайы келіп қатысты. Сонымен бірге аймақтық жастар күнінен ауданға қарасты ауылдық округтердің де жастары қалыс қалмады. Жан-жақтан жиылған жастар алдымен аудандық мәдениет үйінің алдында «Жастар – болашаққа жол бастар!» аймақтық форумының ашылу салтанатына куә болды.
Одан кейін аудандық мәдениет үйінің фойесінде аудандағы мәдениет, спорт, білім салаларындағы белсенді жастардың ғылыми жобалары мен тұғырлы жетістіктерінен жасақталған көрмемен танысты. Еліміз қолынан іс келетін, ойлы да биік рухты, жігерлі де жалынды жастардың көптігімен ерекшеленеді. Біздің аудан халқының 31 %-ын жастар құраса, олардың көбісі жалынды, жігерлі, бастамашыл десек артық айтқандық емес. Өйткені бүгінгі шарада талабы таудай, талантты, дарынды, білімді, білікті жастар ауданның әкімінің марапатынан тыс қалмады. Қай салада болмасын ауданның көркейіп, даму жолында, ел болашағы үшін қалтқысыз қызмет етіп жүрген жастар қандай мақтауға да әбден лайық.
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда біздің ауданның жастары да мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдауға ие болып отыр. Нақтырақ айтсақ, «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы біздің ауданымызда қарқынды жүзеге асуда. Бағдарлама аясында ағымдағы жылы 46 жасқа тұрғын үй және көтерме жәрдемақымен көмек көрсетіліп, жас мамандар өз қызметтерін абыройлы атқаруда. 2018 жылы жұмыссыздықтың алдын-алу, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Республика бойынша «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы жүзеге асырылған болатын. Соның ішінде аудан бойынша 11 жоба ұсынылып, 34 жасқа қолдау көрсетілді. Бұл жобалардың мақсаты аз қамтылған, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін көмек қолын созу болып табылады. Осы мақсатта ауданымызда иппотерапия, оңалту орталығы, құс және бөдене шаруашылығы, дрон, корт, бақытты бала, Themis заңгерлік кеңсесі, әуен дыбыс жазу орталығы, инватакси және гидропоника жобалары іске асырылды. Сонымен бірге ауданымыз негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатындықтан «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламаларына қатысып, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді алып, өз кәсіптерін дөңгелетіп жүрген бірнеше жастарымыз да бар. Сондай-ақ жастардың арасында жұмыссыздықтың алдын-алу, жазғы демалысын тиімді өткізу, еңбекке баулу мақсатында елімізде 10 жылдан бері «Жасыл ел» жазғы еңбек маусымы, «Гүлдене бер, туған ел!» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы орайда да жыл сайын аудан бойынша 340 жас осы бағдарламаға тартылуда.
Аудандық мәдениет үйінде өткен кездесу жиынында ауданның абыройын асқақтатып, әлем елдерінде білім алып, қызмет етіп жүрген жастар бейнебаян арқылы туған жерге ыстық сезімдерімен ақ тілектерін жеткізді. Аймақтық жастар күні аясында облыс орталығынан арнайы келген облыстық жастар ресурстық орталығы басшының орынбасары Ардақ Бекниярова Ойыл жастарының расымен де жалынды, белсенді екендіктерін үлкен қуанышпен мақтан етіп, алдағы уақытта киелі Көкжар топырағынан аты тарихта қалатын талай-талай тұлғалар шығатынын нық сеніммен айтты. Ал, аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы жастардың бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстарынан гөрі алдағы уақытта ауданның көркейту жолында қандай жұмыстар жасалады, қандай ұсыныс пікірлері барын сұрады. Яғни, жастармен тікелей ашық тілдесті. Сондай-ақ «Agtobe.tv» телеарнасының редакторы, тележүргізуші жерлесіміз Азамат Әбілқайыр да айтулы шараға қатысып, өзінің ыстық сағынышқа толы туған жер туралы өлеңін оқып берді. Сонымен бірге 2019 жыл — Жастар жылына орай, аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың идеясымен аудан жастары туралы яғни, аудандағы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырып жүрген жастар ісі жөніндегі комитеттер, әр сала бойынша жұмыс жасайтын ұйымдар, аудан деңгейін халықаралық, республикалық, облыстық сайыстарда, ғылыми — зерттеу жұмыстарында, байқауларда, спорттық жарыстарда жоғары деңгейде қорғап жүрген жастар туралы ақпарат жинақталған «Көкжардың бүгінгі керуенінің жас көшбасшылары» атты кітаптың тұсауы кесілді. Жинаққа ауданның 150-ден астам жасының туындылары енгізілген. Жинақ 70 дана таралыммен жарық көрді. Жинақтың лентасын облыстық жастар ресурстық орталығы басшының орынбасары Ардақ Калиаскерқызы мен «Agtobe.tv» телеарнасының редакторы, тележүргізуші жерлесіміз Азамат Әбілқайыр қиды.
Әрі қарай жастар күні түстен кейін аудандық орталықтандырылған кітапханада тұсауы енді ғана кесілген жаңа кітапты талқылады. Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев аталған жинақта егерде қалыс қалып қойған жастар болса, кітаптың алдағы уақытта әлі де толықтырылатындығын атап өтті. Көршілес аудандардан келген жастар сиясы кеуіп үлгермеген кітапқа QR-код енгізуге ұсыныс жасады. Ойыл аудандық орталықтандырылған кітапхананың басшысы Ақмарал Наурызова жалпы Ойыл өңірінде жарыққа шығып жатқан кітаптардың мұқабасынан бастап, мазмұнына дейін оның ерекшеліктері мен қажеттіліктерін түсіндіріп, кітапхана қорында сақталған бірнеше кітапты таныстырды.

P.S. Сол күні Жастар форуымымен қатар өткен Спорт күні де жастардың қатынасуымен спорттық шаралармен ұласып, әрі қарай аудандық спорт мектебі алаңында тұғырдан көрініп жүрген спортшы жастарды марапаттау рәсімімен жалғасты.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы. 


Жалынды жастардың жарқын тілегі

 Ақбөбек Мұхит,
«Гүлдене бер, туған ел» бағдарламасына қатысушы жас.
Мен, М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 11 сынып оқушысымын. Жазғы демалысымды тиімді өткізу, ата-анама салмақ салмай аз уақыт болса да өзімнің нанымды табу, туған жерімнің көркеюі мен абаттануына өз үлесімді қосу мақсатында «Жасыл ел» жазғы еңбек маусымына жұмысқа кірдім. «Жасыл ел» бағдарламасы жастарды тек жұмыспен қамтып қана қоймай, сонымен қатар жастарға үлкен тәрбие беріп отыр. Жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра білген бағдарлама. Оған біздің ауданның да жастары өте белсендітүрде атсалысуда. Елбасымыз жастар жылының ашылуында «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай» «жасыл ел» ұйымының базасында жалпыұлттық «Жасыл қала-жасыл ауыл» жобасын іске асыру керектігін атап өткен болатын. Осы орайда біз жалындаған жастар Елбасымыздың игі бастамаларын қолдап, елімізді дамыту үшін жұдырықтай жұмылып, жұмыс істеуге дайынбыз.


Әділет Ғазизов,
Жас кәсіпкер.
Жастар жылы – ол елімізде болып жатқан қызу айналымға жәй қатысуымыздың ғана емес, оның дамуына өз үлесімізді қосатын жыл. Менің жасым 21-де. Мен жалпы шаруашылыққа Ойыл аграрлық колледжін оқып жүргенде араласа бастадым. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» атты жобасы айтылған болатын. Бұл жоба мына біздер, ауыл жастары үшін берілген әлеуметтік саты болып табылады. Себебі, жер – біз үшін берілген үлкен мүмкіндік. Ол жастардың болашағын құратын еңбек нарығы. Мен ойлаймын, егер ауыл шаруашылығымен айналысатын, осы жердің байлығын, құндылығын, яғни, дәмін сезінген жастар болса, олар ешқашан бұл шаруашылықтан қашпайды.


Гауһар Самалбекқызы,
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысушы.
Мен, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медициналық университетін аяқтап, Мемлекетіміздің тарапынан жастарымызға жасалып жатырған игі бастамалардың бірі де, бірегейі, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен Ойыл аудандық Орталық ауруханасында дәрігер эпидемиолог болып жұмысқа орналастым. Осы бағдарлама аясында, бір жолғы көтерме жәрдемақы алып, төмен пайызды несиемен тұрғын үйге қол жеткізіп, баспаналы болдым. Сонымен бірге Республикалық кәсіподақтар бірлестігінің баспанаға мұқтаж жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету негізінде 1 миллион теңге тұрғын үй сертификатымен марапатталдым. Міне осылайша жастардың жан-жақты дамуына, әлеуметтік жетілуіне арналған бағдарламаның ауданда жүзеге асуына өз септігін тигізіп жатырған аудан басшылығына өз ризашылығымды білдіремін.


Дәурен Қажығалиев,
«Zhas Project» жобасының хеңімпазы.
Жастар жылы жай ғана реформаларды жүзеге асыруға қатынасып қоймай, арман, мақсаттарымызды айқындап, оны әрі қарай іске асыратын жыл. Талантты да, талапты жастар ауылда жетерлік. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде ауыл жастарына кәсіп ашып, іс бастауға көмек қолын созу керектігін ескерткен болатын. Еліміздің экономикасын дамытушы фактор – ол кәсіпкерлік саласы. Жалпы елімізде шағын кәсіпкерлік дамыса қоғамда бәсекелестік те дамиды. Қосымша жұмыс орындары ашылып, тұтыну секторлары кеңейеді. Жас кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан қолдау мақсатында түрлі жобалар мен бағдарламалар қарастырылған. Мен осындай жобалардың бірі «Zhas Project» жобасына қатысып, гидропониканы дамытуды қолға алып келемін. Жалынды жастар қазір «Бой емес, ой өсіретін» ғасыр болғандықтан баршаңызды туған елге қалтқысыз еңбек етуге шақырамын.

Басқа жаңалықтар