ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпБілімДенсаулықМәдениетРухани жаңғыруСпортСұхбатЭкономика

Ұлтты ұйыстыратын жеті қағида

Астанада халықтық коалицияның бастамасымен Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын Қазақстан президенттігіне ұсыну туралы қолдаушылар форумы өтті.

Жиында еліміздегі түрлі саяси партиялар мен республикалық қоғамдық ұйымдардың өкілдері алдағы Президент сайлауына қатысуға Қасым-Жомарт Кемелұлын лайықты деп тапты.
Amanat, «Ақ жол», «Қазақстанның халық партиясы» секілді саяси партиялардың жəне 30-дан астам республикалық қоғамдық ұйымның атынан екі мыңнан астам өкіл қатысқан халықтық коалиция форумында Мемлекет басшысы сөз алып, өзіне сенім артқаны үшін іс-шараға қатысушыларға ризашылығын білдірді.
Алқалы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтты ұйыстыратын жеті қағиданы атап өтіп, ел азаматтарының алдында тұрған мақсат-межені тізбелеп берді.

«Мен ұлтты ұйыстыратын жеті қағиданы атап өткім келеді.
Бірінші. Тəуелсіздік бəрінен қымбат. Мен былтыр осы тұжырым туралы арнайы мақала жарияладым. Біз егемендігімізді сақтай алсақ қана, ұлт болып, ел болып тұра аламыз. Тəуелсіз мемлекет қана өзінің тілін, жерін, дінін, ділін сақтап қалады. Сондықтан тəуелсіздік — біз үшін ең басты құндылық. Тəуелсіздікті қорғау жəне нығайту — əрбір азаматқа, бəрімізге ортақ міндет! Тағы да қайталап айтамын. Дамыған, өркениетті ел боламыз десек, еңбекті ең басты орынға қоюымыз керек. Еңбекқорлық өскелең ұрпақтың бойына сіңген қасиет болуға тиіс. Бұл қасиет біздің өмір салтымызға айналуы керек. Масылдық ниеттен, бос сөзден арылуымыз қажет. Тəуелсіздікті нығайтуға нақты іспен үлес қосу — əр азаматтың перзенттік парызы. Еңбек адамы біздің қоғамда қашанда құрметке ие болады. Себебі еңбекқор адам өз сөзін əрдайым іспен дəлелдей алады», — деді Президент.

Екінші қағиданы жер тұтастығы деп атаған Мемлекет басшысы: «Елдіктің негізі — жеріміздің тұтастығы. Бабаларымыз ұрпағына ұлан-ғайыр жерді мирас етті. Біз оның бір уыс топырағына дейін қастерлеп, атамекенімізді қорғай білуіміз керек», — деп атап өтті.

«Үшінші. Мемлекет мүддесі — қастерлі құндылық. Ауылдан Ақордаға дейінгі шешімнің бəрі осы тұрғыдан қабылдануы қажет. Бір сөзбен айтсақ, əр істе мемлекеттік ұстаным болуы керек. Мемлекет мүддесі дегеніміз — халықтың мүддесі. Сондықтан барлық шешімдер, жобалар, заңдар мен жарғылар ел мүддесін қорғауға арналады. Туған елге жанашырлық əр азаматқа тəн қасиет болуға тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Төртінші. Рухани үндестік — бірліктің бастауы. Төл тарихымыз, ана тіліміз бен ата дініміз — елді біріктіретін бірегей құндылықтар. Оны дау-дамайға айналдыруға болмайды. Жұртты адастырып, теріс жолға салудан сақтанған жөн. Қазақстанда түрлі этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың мақсаты — бір, болашаққа деген көзқарасы — ортақ. Бəріміз — бір елдің азаматтарымыз. «Әралуандық арқылы — бірлікке» қағидаты ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Біз этносаралық татулықты сақтай білуіміз керек. «Қазақстан азаматы» деген ұғым жалпыұлттық бірегейліктің өзегі болуы қажет. Сонда біртұтас ұлт ретінде келешекке сеніммен қадам басамыз», — деген ел Президенті бесінші қағиданың заңға сүйенетінін айтты.

«Бесінші. Заңдылық пен тəртіп — өркениетті ел болудың кепілі. Заң талаптары барлық салада мүлтіксіз орындалуға тиіс. Заң алдында бəрі тең. Заң алдында бəрі бірдей жауап береді. Сонда ғана біз заңы мүлтіксіз орындалатын, тəртібі қатаң сақталатын Əділетті мемлекет құрамыз», — деді бұл жайында Қ.Тоқаев. «Алтыншы. Жасампаздық — жаңару мен жаңғыру жолы. Біздің басты мақсатымыз — Отанымызды өркендету, мемлекетімізді дамыту. Озық білім мен қажырлы еңбек қана елді табысқа жеткізеді. Бəсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Қазір ғылым экономиканы жедел алға жетелейтін алып индустрияға айналды. Қазақстан жаһандық экономикадағы үрдістерге сай болуға тиіс. Бізге де осы ғылыми-технологиялық жаңашылдықты əкеліп, өндіріске қосатын жаңа əрі білікті мамандар керек. Біз оларға қажет жағдайдың барлығын жасаймыз. Себебі, адам капиталы ең құнды байлығымыз. Мұны уақыт жəне тəжірибе дəлелдеді. Осылайша, Қазақстан инновацияның, жаңа технологияның, тың идеялардың, ауқымды капиталдың орталығы болуға зор мүмкіндігі бар», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.

«Жетінші. Достық пейіл, мейірімділік жəне жанашырлық — ең асыл қасиеттер. Қазақта «Сыйлассаң — сыйлы боларсың» деген сөз бар. Ағайынның татулығы мен жанашырлығы — ел бірлігінің түп қазығы. Елдің тұтастығы қарапайым адамдардың өзара түсіністігінен басталады. Халқымыз бəрін де ақыл-парасатпен шешкен. Бұл дəстүрді ұмытпауымыз керек. Аға буын осы игі дəстүрді насихаттауы қажет. Жалпы, ортақ жетістіктер ұлттың мерейін өсіреді. Біз бір-бірімізге қашанда тілектес болуымыз қажет. Талапты, дарынды азаматтарды қолдай білуіміз керек. Əр отандасымыздың табысына қуанып, қиындықтарды бірге еңсеруге тиіспіз. Халқымыз «Ұйымдасқан ұтады» деп бекер айтпаған. Бірлігімізді бекемдей білсек, елдігімізді сақтап қаламыз. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз», — деген Мемлекет басшысы демократия, заң үстемдігі жəне теңдік қағидаттары сақталатын мықты мемлекет болатынымызға нық сенім білдірді.

«Бұл біздің қолымыздан келеді. Себебі айқын мақсатымыз, нақты бағдарымыз бар. Жасампаз жəне отаншыл халқымыз бар. Тəуелсіз елдің ойы еркін, рухы азат ұрпағы өсіп келеді. Біз түбегейлі өзгерістің бəрін өскелең ұрпақтың болашағы үшін жасап жатырмыз. Баршаңызды елімізді бірге көркейтуге шақырамын! Өйткені біздің Отанымыз — бір, мемлекетіміз — бір, халқымыз — бір. Әрдайым бірге болайық! Қасиетті Отанымыз — Қазақстанымыз жасай берсін!» — деген Мемлекет басшысы осылайша ұлтты ұйыстыратын жеті қағиданы айқындап берді.

Сөзін өзін қолдаған халыққа ризашылық білдірумен жалғастырған Мемлекет басшысы: «Мен бұған дейін Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермей, саяси тұрғыдан бейтарап болу қажеттігін айттым. Осы ұстаным өзгермейді. Баршаңыз ұсынған ортақ кандидат ретінде Президент сайлауына түсу — мен үшін зор мəртебе əрі үлкен жауапкершілік. Маған сенім артқандарыңыз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін», — деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ елімізде саяси, əлеуметтік, құқықтық жəне басқа да маңызды жүйелерін түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанына тоқталып: «Бұл реформалардың бəрін сіздер жақсы білесіздер. Бұл реформалар халықтың тұрмысын түзеуге, əр адамның құқығын толық қорғауға, демократиялық үдерістерді жедел жүргізуге бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, барлығы тек халық үшін жасалып жатыр», — деді.

Форумда сөйлеген сөзінде Қ.Тоқаев Президенттің өкілеттігін 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы бастамасы туралы да ойын ортаға салды. «Мен осы шешім туралы көп ойландым. Бір адамның ұзақ уақыт билікте болуы дұрыс емес деген тұжырымға келдім. Мемлекеттің тірегі — жалғыз Президент емес, бүкіл халық. Сондықтан ел басқаруға жаңа буын өкілдерінің келуі өте маңызды. Біз ұлт мүддесін қорғайтын жəне халыққа адал қызмет ететін азаматтарға жол ашуымыз керек. Нағыз мемлекетшіл, отаншыл, білікті тұлғалар жұртты жасампаз істерге жұмылдырып, Қазақстанды өркендете алады. Осы ұстаным мызғымас қағидатымыз болуға тиіс.

Біздің басты мақсатымыз — Отанымызды өркендету, мемлекетімізді дамыту. Озық білім мен қажырлы еңбек қана елді табысқа жеткізеді. Бəсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Қазір ғылым экономиканы жедел алға жетелейтін алып индустрияға айналды. Қазақстан жаһандық экономикадағы үрдістерге сай болуға тиіс. Бізге де осы ғылыми технологиялық жаңашылдықты əкеліп, өндіріске қосатын жаңа əрі білікті мамандар керек. Біз оларға қажет жағдайдың барлығын жасаймыз. Себебі адам капиталы — ең құнды байлығымыз. Мұны уақыт жəне тəжірибе көрсетті. Осылайша Қазақстанның жаңа технологияның, тың идеялардың, ауқымды капиталдың орталығы болуға зор мүмкіндігі бар», — деді Президент сөзін түйіндеп.

Оралхан АХМАДИЯ,
«Egemen Qazaqstan» газеті.

Басқа жаңалықтар