ӘлеуметБасты тақырып
Сайлау-2022: Теледебатқа қатысатын кандидаттар тізімі бекітілді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында 20 қарашада өтетін президент сайлауына кандидаттардың пікірсайысының регламенті мен қатысушылар тізімі бекітілді. Телевизиялық пікірсайыс 11 қарашада «Хабар» телеарнасының эфирінде өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚР Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген сайлау алдындағы пікірсайысты өткізу қағидалары мен шарттарына сәйкес, ОСК регламентімен келіседі және сайлау алдындағы пікірсайысқа қатысушылардың тізімін бекітеді. Қазіргі уақытта«Хабар» телеарнасы президенттікке кандидаттардың сайлау алдындағы пікірсайысын өткізу регламентін әзірледі. Регламент жобасы ОСК-ге келісуге ұсынылды. Жобада сайлау алдындағы пікірталасты өткізу талаптары қарастырылады», — деді ҚР ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова.
Оның атап өтуінше, регламентте қатысушыларға қойылатын жалпы талаптар, олардың сөйлеу тәртібі, өткізу тілі және эфир уақытын белгілеу көзделген.
«Регламентке сәйкес, президенттікке кандидаттың сайлау алдындағы пікірсайысы 4 раундта өткізіледі. Раундтарға сәйкес, пікірсайысқа қатысушылар өздерінің сайлау бағдарламасымен сөз сөйлеуге, қарсыластарына сұрақ қоюға, сайлаушылардың сұрақтарына жауап беруге, сонымен қатар сайлаушыларға үндеу жасауға мүмкіндік алады. Регламент жобасы сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу қағидалары мен шарттарына сәйкес келеді», — деді ол.
Оның атап өтуінше, сайлау алдындағы пікірсайыстар мен пікірталастарға қатысу үшін кандидатураларды ҚР президенттігіне кандидаттардың сайлау штабтары ұсынды.
«Алынған мәлімет негізінде телевизиялық пікірсайысқа қатысушылардың келесі құрамы ұсынылады: Әбден Қарақат Жақсылыққызы, Әуесбаев Нұрлан Сатыбалдыұлы, Дайрабаев Жигули Молдахалықұлы, Қажыкен Мейрам Зекешұлы, Қошанов Ерлан Жақанұлы, Тұрсынбекова Салтанат Пархатқызы. Осылайша, пікірсайыс өткізу регламентімен келісу, сонымен қатар телевизиялық пікірсайсқа қатысушылардың тізімін бекіту туралы қаулы жобасы қарауға ұсынылады», — деді ОСК мүшесі.
Орталық сайлау комиссиясының мүшелері 20 қарашаға белгіленген кезектен тыс президент сайлауында сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыс ұйымдастыру және өткізу туралы қаулы қабылдады.
Фото:ortcom.kz