ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпДенсаулық
СУ ТАСҚЫНЫ ЖӘНЕ ОДАН КЕЙІН: МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ ХАЛЫҚҚА ҚАМҚОРЛЫҒЫ
Су тасқынынан туындаған төтенше жағдайға байланысты Ойыл аудандық ауруханасында жедел штаб құрамының мүшелері өз жұмысын бастады.
Төтенше жағдай кезеңінде ең бастысы адам өмірі және оның денсаулығы десек, су тасқыны басталған сәттен-ақ Қаратал, Екпетал, Жаңабаз елді-мекендерінің медицина қызметкерлері халыққа жергілікті жерден эвакуацияланға дейін өз көмектерін көрсете бастады.
Алғашқы күндері Ойыл ауданының орталығында ұйымдастырылған эвакуациялық пунктке 864 адам, оның ішінде 263 бала орналастырылды.
Эвапунктерде шұғыл түрде медициналық кабинет жасақталып, құрал-жабдықтар және дәрі-дәрмектермен жабдықталып, аурухананың қызметкерлері кезекшілік кестесіне сәйкес бейінді дәрігерлер эвапунктерді аралап, тиісті ем шараларын тағайындап, үздіксіз медициналық, психологиялық көмек көрсетіліп отырды.
Қосымша Ақтөбеден көпсалалы кең профильді балалар ауруханасынан реаниматолог, хирург, педиатрлармен бірге, №2 Ақтөбе қалалық емханасының бас психологі де тұрғындарға көмек көрсетті. Барлығы аудандық ауруханаға 23 адам әртүрлі диагноздармен жатқызылды.
Сонымен қатар аурулардың алдын-алу, болдырмау мақсатында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға кешенді медициналық тексерулер (скрининг, флюрография) жүргізілді.
Аудандық аурухана кәсіподақ ұйымы атынан су тасқынынан зардап шеккен медицина қызметкерлеріне материалдық, психологиялық көмек көрсетті.
Қаратал, Жаңабаз, Екпетал тұрғындарына аурухана ұжымы атынан дастархан жайылып түскі ас берілді. Аудандық аурухана қызметкерлері су тасқынынан зардап шеккен Қаратал ауылының тұрғындарына суға кеткен үй-жайларын бұзып, орнын тазалау, сенбілік жүргізуге қолкөмекке жұмылдырылды. Сонымен бірге, тұрғындарға медициналық, психологиялық көмек көрсетуге және АҚИ, ішек ауруларының алдын алуға санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізуге бірқатар мамандар жіберілді.
Су тасқыны кезінде жұқпалы ауруларды тудыратын қолайсыз эпидемиологиялық жағдайлар дамуы мүмкін. Осыған байланысты су жолымен қандай жұқпалы және жұқпалы емес аурулар беріледі деген сұрақ көпшілікті мазалайтыны рас. Су жолымен: гепатиттер, тырысқақ, іш сүзегі, паратифтер, дизентерия, лептоспироз, туляремия (ауыз судың кеміргіштердің бөлінділерімен ластануы), құрттар, бруцеллез, сальмонеллез беріледі. Су арқылы берілетін вирустық аурулардың ішінде ішек вирустарының тобы, соның ішінде энтеровирустар, А гепатиті және басқалары жиі кездеседі. Өзендерден, ұсақ көлдерден су тасып, жаңбыр суларымен араласқан кезде еріген су түзіліп, бұл құдықтар мен лас қалдықтар үшін қазылған шұңқырлар, шаруашылық аулалар, дәретханалардағы сулардың жаппай ластануына әкеліп соғады. Су тасқынының тағы бір проблемасы — кеміргіштер, көптеген аурулардың қоздырғыштары. Олар тұрғын үйлер мен ғимараттарға еніп, адамның жұқпалы және паразиттік аурулармен ауыру қаупіне ықпал етуі мүмкін.Ойыл аудандық ауруханасы және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен бірлесіп су тасқыны салдарынан болатын аса қауіпті инфекциялар мен ішек ауруларының алдын алуға жедел жоспар құрылып, іс шаралар жүргізілуде. Осы жоспарға сәйкес су тасқыны кезінде болған мал бас шығынын жинауға, тасымалдауға қатысқан тұрғындар, ветеринария саласындағы мамандардың тізімі жасақталып, 118 адамға күйдіргіге қарсы вакцина жасалды. Вирусты А гепатиті инфекциясының алдын-алу үшін су тасқыны болған аймақтарға адамдар тізімі мен саны құрылып, ВГА вакцинасы бастап жасалуда.
Ойыл ауданында су тасқыны жағдайындағы инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай әзірге тұрақты. Дегенмен, су тасқыны болған аймақтың тұрғындарының келесі қарапайым ережелерді сақтауы қажеттігін ескертеміз:
1.Ішуге тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану.
2.Азық-түлікті сақтау және дайындау ережелерін сақтау.
3.Тамаққа термиялық өңдеуден өткен азық-түлік өнімдерін қолдану.
4.Жеке гигиена ережелерін сақтау, оның ішінде жас балаларға күтім жасау кезінде.
5. Көкөністер мен жемістерді қайнаған сумен өңдеу, ағынды сумен мұқият жуу.
6.Тұрғын үй-жайларды және үйдің жанындағы аумақты таза ұстау.
Жедел инфекциялық ауру белгілері: дене қызуының көтерілуі, құсу, іштің өтуі және т.б. пайда болған жағдайда дереу жергілікті медициналық ұйымнан медициналық көмекке жүгінуіңіз қажет.
С. НҰРБАЕВ,
Ойыл аудандық ауруханасының бас дәрігері.