ӘлеуметБасты тақырып

Жаңа орталық – жаңа қызмет ұсынады

Бауыржан Өгізбаев ойға алған ісін орындағанша тыным таппайтын жас кәсіпкер. Биыл көктем шыға Амангелді көшесінде төрт қабырғасы қалқиып тұрған «сақалды құрылысқа» жан бітіргенін көргенбіз. Айналдырған алты айдың ішінде көлікке қызмет көрсету орталығын ашып отыр. Қуанышын дос-жарандарымен бөліскен Бауыржан өткен аптада осы орталықтың салтанатты ашылуын өткізді. Көлікке қызмет көрсету орталығының лентасын қиған аудандық мәслихат хатшысы Сәкен Займолдин жас кәсіпкердің ісіне сәттілік тілесе, бауырының қуанышына арнайы ат сабылтып келген апасы Ботагөз шашуын шашып, лебізін білдірді. Одан кейін құтты болсын айта келген қонақтарға дастарханнан дәм ұсынып, аруақтарға құран бағыштады.
Ал, көлікке қызмет көрсету орталығы екі бөліктен тұрады. Іші жып-жылы ғимараттың бірінде жылдың кез-келген мезгілінде көлігіңді жөндеп, майын ауыстырсаң, екіншісінде машинаңды жуып аласың! Қызмет ақысы арнайы терминал арқылы қабылданады. Яғни, төлеген ақшаңа сай өзің жуып аласың!
Әрине, Ойылда көлік жуу орталықтары бар. Бірақ, Бауыржанның орталығының артықшылығы үлкен көліктерге де қызмет көрсетеді.
С.ХАМЗИН.

Басқа жаңалықтар