ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

ӨНЕРЛІ ЖІГІТТЕРДІҢ КЕЗЕКТІ ЖАРЫСЫ ЖОЛДЫБАЙ АҒАМЫЗҒА АРНАЛДЫ

Ақтөбе қаласында өнерпаз азаматтардан құралған “Көкжар қырандары“ деп аталатын топ бар. Әртүрлі салада жемісті еңбек етумен қатар, өнерді серік етіп, ел арасында танылған жігіттерден құралған “Көкжар қырандары” деген волейбол командасы тағы бар. Облыс бойынша өнерпаздар арасында 6 дүркін чемпион атағы өз алдына.

«Әдетте, Ақтөбеге қарасты аудандардан, қалада жүрген жігіттерден үлкен турнир ұйымдастырылып тұрады 2-3 ай сайын. Қай аудан ұйымдастырса сол елден шыққан, елге танымал, артында өшпестей із қалдырған өмірден өткен, бақилық болған өнер адамын еске алып ұйымдастырамыз. Мақсатымыз — кейінгі жас буынға, артымыздан келе жатқан інілерімізге өмірден өткен ағаларымыздың көзі тірісінде өнерге сіңірген еңбегін, халық арасына тараған әндердің авторлары осы кісілер екенін насихаттау», — дейді топ мүшесі, жерлес әнші Асылан Жұмабаев.
Бұл жолы облыстық турнир белгілі өнер майталманы, «Ойыл ауданының құрметті азаматы», ақын-сазгер Жолдыбай Айтқұловтың 75 жылдығына орай ұйымдастырылды. Хромтау, Әйтеке би, Ырғыз, Байғанин, Ойыл аудандары және сазгер ағамыздың туыстарынан құралған командалар арасында бәсеке тартысты өтті.
Жарысқа демеушілік көрсеткен ақын-сазгер ағамыздың балалары бас жүлдеге 100 мың, екінші орынға 60 000, үшінші орынға 40 000 теңге жүлде тігіп және жеке сыйлықтар тағайындады. Жарыстың үздік қорғаушы, үздік шабуылшысы таңдалды. Ең соңғы тартыс хромтаулық пен ойылдық өнерпаздар арасында өтті. Бұл жолы да көкжарлықтар туған жерде қалыптасқан волейбол мектебінің мықтылығын тағы дәлелдеді. Жарыс аяқталған соң, «Құрмет холл» мейрамханасында Жолдыбай Айтқұловтың рухына ас беріліп, құран бағышталды. Ақын-сазгер замандастары, ақын Нұрлыбек Қалауов Жолдыбай ағамыздың сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болғанын еске алып, ойылдық Мұқан Сатыбаев әндерін орындады.

Басқа жаңалықтар