Басты тақырыпБілім
Тарихы ауылмен тамырлас
Соңғы бір ғасырдан бері қоғам дамуы қандай формацияға көшсе де, мақсатынан айнымаған ұйым - мектеп. Ақшатау шағын ауылдардың санатына жатқанымен, мектебінің тарихы жүз жылға таяп қалды.
Алғаш рет бастауыш мектеп болып Ақшатау колхозында өткен ғасырдың 30-жылдары ашылған. Сол кездері Ақшатау аумағында 4 колхозда Ақшатау, Талтоғай, Ащықара, Еңсеген ауылдарында бастауыш мектептері ауыл балаларының сауатын ашуға кірісті. Мектепте колхоз жұмысшыларының балалары оқыды. 1952 жылға дейін бастауыш мектеп болса, колхоздардың іріленуіне орай 1952 жылдан 1960 жылға дейін жетіжылдық мектеп болды. 1960 жылы Қаракемер елді мекенінде жаңа мектептің салынуына байланысты мектеп қайтадан бастауыш мектепке айналды. Сол кездері мектепте Ынта Қараманова, Селеу Нұрмұханов, Салаш Нәренов, Тонажан Өрбісінов, Сәрсенбай Құбиев, Ақкерей Саржігітов, Салахаддин Қарағозин, Рахметолла Көпмағанбетов, Ораз Алтыбаев, Дәуіт Құрманалин, Дауылбай Ермұханов, Мәпіш Докина, Салима Оразова сынды ұстаздар еңбек етті.
Кейіннен 1973 жылы жаңа мектеп ғимараты салынып, сегізжылдық мектепке айналып, мектеп атауы Ақшатау сегізжылдық мектебі болып аталды. Сол жылдан бастап 1988 жылға дейін мектеп директоры болып Әділхан Мерғалиев қызмет етті. 1988 жылдан 2014 жылға дейін Мінсізбай Жайлыбаев мектеп директоры болып қызмет атқарса, 2009-2010 оқу жылында мектеп директоры қызметін Нұрлан Қазбеков атқарды. 2012-2013 жылдары жаңа типтік жобадағы ғимараттың салынуына орай, Ойыл ауданы әкімдігінің 26.08 2013 жылғы №194 қаулысы негізінде «Ақшатау орта мектебі» болып құрылды. Яғни, жоғары класс оқушылары бұрынғыдай Ойылда интернат немесе ағайындарын жағаламайды. 2014 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Бекжан Қарасаев директор болып қызмет атқарып келеді.
Әріге бармай-ақ, 1973 жылдан бастап есептегенде бүгінгі таңға дейін 556 түлек негізгі мектепті бітіріп шыққан. Осы түлектер қазіргі таңда халық шаруашылығының әр саласында еңбек етуде. 16 түлек үздік куәлік иегері атанған. Атап айтар болсақ, Рая Құлмурзина, Әлия Нұрмашева, Гүлнәз Қарасаева, Ғалия Нұрмашева, Айман Сағиева, Роза Текебаева, Ақтоты Аханова, Гаухар Насухина, Ерұлан Жайлыбаев, Есболат Әділханов, Гүлжанат Жұрымбаева, Дарина Қосанова, Бексұлтан Кәрім, Зарина Сайынова, Жасұлан Бақтыгереев, Мөлдір Жарқынбаева, Инна Кәкиева.
Гүлжанат Жұрымбаева – ауылдан шыққан тұңғыш орта мектептің үздік аттестат иегері болса, Зарина Сайынова мектептің тарихында тұңғыш рет «Алтын белгі» иегері атанды. Жасұлан Бақтыгереев болса, биылғы «Алтын белгі» иегері.
Шағын мектептің аты шартарапқа түлектерінің табысымен танылды. Мәселен, медицина ғылымдарының кандидаты Шадыман Насухин М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің оқытушысы болса, Төлеу Сапаров Ақтөбе қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері. Демеу Сапаров Ақтөбе облыстық Ішкі Істер Басқармасының бөлім бастығы.
Абыл Насухин Ақтөбе қалалық білім бөлімінің маманы. Жайнагүл Дауылова жас талантты журналист, облыстық тілдерді дамыту басқармасының маманы қызметін атқарды. Қазіргі таңда Қобда ауданы Бегалы орта мектебінің директоры.
Осындай таланттарды тәрбиелеп, қияға қанат қақтырған ұстаздардың да еңбегі жеміссіз емес. Уақит Нұрмашев 1986 жылы Қазақ ССР-нің «Аға мұғалімі» атағын иеленсе, ұзақ жылдар мектепті басқарған Мінсізбай Жайлыбаев «Самбо күресінің құрметті ардагері» медалімен және 2019 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің атынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Қазіргі таңда Мінсізбай Жайлыбаев Ақшатау орта мектебінде қазақша күрес үйірмесінің жетекшісі. Еңбегі де жеміссіз емес. Шәкірттері облыстық, республикалық жарыстарда талай мәрте топ жарды.