Басты тақырыпБілім

АҚИЫҚ АҚЫНДЫ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ДА ЖЫРҒА ҚОСТЫ

9 ақпан — Қазақ поэзиясының жарқын өкілі, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Небәрі 45 жыл ғана ғұмыр кешіп, поэзия әлемінің мәңгілік мұзартынан орын алған, халықтың, неше буын адамзат өкілінің сүйікті ақынына айналған Мұқағали тірі болғанда биыл 92 жасқа толар еді. Қазақта болашағын көреген болжай білген ақындар аз болмаған. Солардың бірі Мұқағали екеніне ешкімнің қарсылығы жоқ болар. «Міндетті емес ақындар көп жасауға» деп жырлап кеткен Мұқағалидің 45 жас қана жасауы осының бір дәлелі.
Осы орайда Ж.Жүсібалиев атындағы қазақ орта мектебінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 92 жасқа толуын орай «Есіңе мені алғайсың!» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кеш «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы негізінде біріккен көрініспен басталды. Ақиық ақынның туған күніне орай өткен шарада ардагер ұстаздар Сақыш Жақанова, Майраш Ибрашева, Зоя Сұлтанова, Зәуреш Молдашова кеш қонағы болды. Кеш барысында ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бейнероликтер көрсетіліп, жыр сүйер оқырмандар мәнерлеп өлең оқып, лирикалық әндерін тарту етті. Бұдан бөлек ауданның атын облыс, республика көлемінде танытып жүрген жас ақындар Мұқағалиға арналған арнау өлеңдерін айтты.
Ақынның сөзіне жазылған «Саржайлау», «Жас қайың», «Арман-ай», «Сен көріктісің» атты әуезді әндерін мектеп мұғалімдері Мая Нұрқожақызы, Нұршат Нұртасова, Әбділда Сағынов нақышына келтіре орындап, құлақ құрышын қандырды. Тамылжытып орындалған ән, жалындатып оқылған өлеңнен рухани ләззат алып, олар кеш аяқталғасын да қошемет-қолдауымен жібермеді. Бірге қосылып ән шырқады.
Г.АБАЙҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар