ӘкімдікБасты тақырып

Елдігіміздің құжаты ата заңға 26 жыл

Өткен жұмада аудандық мәдениет үйінде 30 – тамыз «Ата заң» күні қарсаңында «Ата заңым – айбыным» атты мәдени көпшілік шара өтті.

Айтулы шараның шымылдығы ұлы дала заңдарынан бастау алған Ата заңымыз туралы бейнебаянмен түріліп, мемлекеттік әнұранымыз шырқалды. Одан соң мерекелік шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Асқар Қазыбаев барша ойылдықтарды Конституция күнімен құттықтады.
Аудан басшысы құттықтау сөзінде «Бұл халқымыз үшін аса қастерлі, ұлық мереке. Конституция біздің азаматтығымыздың айнымас айғағы, кемел болашағымыздың бұлжымас бағдары. Сондықтан заң бойынша өмір сүру, заңды құрметтеу әр азаматтың борышы. Бүгінде Қазақстан демократиялық, зайырлы құқықтық мемлекет, өркениетті қоғам құру жолында өз бағытын берік ұстанып келеді. Осы тұрғыда әрбір азамат келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі. Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес өзінің және жеке басымен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінуде», — деді.
Одан кейін «Еңбек Қызыл Ту» орденін екі мәрте алған «Жетікөл» совхозында бас экономист, аудандық қаржы бөлімінде инспектор, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің төрағасы, Ойыл ауданы әкімінің бірінші орынбасары, облыстық жер қатынастары басқармасы мен жер инспекциясының бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған, өңірдің экономикалық дамуына зор еңбек сіңірген ауданымыздың қоғамдық саяси ахуалын нығайтуға өлшеусіз тер төккен Түлкібай Сәдірбаевтың кеудесіне «Ойыл ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісін тақты. Сонымен қатар ауданымыздың 100 жыл толуына орай ауданның дамуына үлес қосқан Талғат Юсупов, Айдынғали Қоғабаев, Тыныштық Сисенов, Тынышбай Бекеев, Еламан Охапов, Нұрахан Ибраев сынды бірқатар еңбек ардагерлерін «Ойыл ауданына 100 жыл» мерекелік медалін табыс етті. Мерекелік медаль алғандарының қатарында көптоғайлық ардагер анамыз өткен дәуірде «Озат қырықтықшы» атанған Кербез Жұмағалиева да бар. Айтулы шара әрі қарай аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасты.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар