ӘлеуметБасты тақырып
ҰЛАҒАТЫ КӨП ҰЛЫС КҮН!
ТАБИҒАТ-АНА БУСАНЫП, КҮЛЛІ ТІРШІЛІК ӘЛЕМІ ҚАЙТА ТҮЛЕЙТІН ҚАСИЕТТІ НАУРЫЗ МЕЙРАМЫН ОЙЫЛ ЖҰРТШЫЛЫҒЫ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАП ӨТТІ. ОРТАЛЫҚ САЯБАҚҚА АҚШАҢ КИІЗ ҮЙЛЕР СӘН-САЛТАНАТЫМЕН ТІГІЛІП, МЕРЕКЕГЕ ЖИНАЛҒАН ЖҰРТШЫЛЫҚҚА ЕСІКТЕРІН АЙҚАРА АШТЫ.
Мерекені аудан өнерпаздары театрландырылған қойылымдармен қыздырып, жаңа жылдың
басталғанын айшықтайтын, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін көріністер көрсетіп, шараны аудан өнерпаздары әсем әндерімен әрледі. Саябақтың ауласында аудандағы мекемелер қызметкерлері тұрғындарға Наурыз көже мен палау ұсынса, үлкендер арнайы тігілген ағаш үйлерде мекемелердің ұйымдастыруымен әзірленген ақ пен наурыз көжеден ауыз тиді.
Шара барысында аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы аудан жұртшылығын мерекемен құттықтап, аудан экономикасының дамуына қосқан зор үлесі үшін еңбек ардагері Нұрлан Ихсанов, ауданның білім беру саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін білім саласының ардагері Зауреш Молдашева, аудан тұрғындарын көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етіп, кәсіпкерлік саласының дамуына қосқан зор үлесі үшін Сапура Мырзағалиева «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» медалімен наградталды. Аудандағы көктемгі су тасқыны кезінде қауіпті аймақтарға арнайы техникалармен жасақтар жіберіп, үлкен көмек көрсеткені үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті
аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Мерекеде арқа-жарқа болған жұртшылық киіз үйлерден дәм татып, ұлттық спорт түрлерін тамашалады. Білекті жігіттер күштерін сынға салатын қол күрес сайысында І орын Ә.Қосымов, ІІ орын Р.Бекмұханов, ІІІ орынды Р.Саматұлы иеленді. Келесі кезекте автокөлік тарту сайысында белгіленген жерге уақыт бойынша көлікті шапшаң сүйреген жігіттер көпшіліктің қолдауына кенелді.
Сайыстың нәтижесі бойынша Заманбек Сабыров жеңімпаз атанды. Қазақ күресінің керемет айла-әдістерін көрсете білген Н.АленовІ орынды жеңіп алса, ІІ орын Д.Қабдуахит, Н.Санатов ІІІ орынға тұрақтады. Мергендіктерімен көзге түсіп І орын Б.Угизбаев, ІІ орын Р.Әділханов, ІІІ орын Н.Дәулетқалиев иеленді.
Серке көтеруден Ш. Шалабаевқа тең келер болмаса, ІІ орынды Ғ. Ғазизов, ІІІ орынды Қ. Дүзмағанбетов місе тұтты. Ал ләңгі тебуден қарсыластарынан «қара үзіп кеткен» Р.Есенбекұлы І орынды жеңіп алса,ІІ орынды Т. Дәулетов қанжығасына байлады. ІІІ орын С. Ысқақовқа бұйырды.