ӘкімдікБасты тақырыпДенсаулық

Есенғали – «Көкжар барысы»

Қазақ күресі – ауыл баласы үшін жат емес. Алайда, оның әдіс-тәсілін толық меңгеріп, кәсіби тұрғыдан шұғылдануға бәрі бірдей ден қоймайды. Олимпиадалық спорт түрлеріне енбеген соң, секциялар жабылып, бір жылдары кенжелеп қалған күрестің қайта қанат жаюына «Қазақ барысы» турнирі сеп болғаны сөзсіз.


Алайда, бүгінгі осы аталмыш жарыстың аудандағы іріктеу турниріне қатысушылардың аздығы салмақты жігіттердің сиреп бара жатқанын көрсетіп отыр. Бозкілемге шыққандардың да селқос қимылы, әдіс-тәсілден гөрі қара күшпен алуға ұмтылуы «Қазақ күресінің» ауданда дамуы әлі де баяу екенінің куәсі болса керек.


Тоғыз палуан қатысқан жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев палуандарға сәттілік тілесе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Аманғосов батасын берді. Алғашқы болып кілемге Қайыңдының екі жігіті шықты. Ұстазынан шәкірті озды. Мейірхан Әбішевті Есенғали Құлбаев жеңсе, қатар жатқан екі ауыл – Ақшатау мен Қаракемердің жігіттері Айдос Сапаров пен Дастан Жауғаштиевтердің арасынан алдамшы қимылмен айласын асырған Айдос таза жеңіске жетті.

Қараойлық Мұстафа Бисембаев Әнуарбек Шүкіровті жеңсе, Мейірбек Құсайыновтан Айдос Әйтеков басым түсті. Алғашқы айналымда бос болған Нұрәділ Ғазизов екінші жұптың жеңімпазы Айдос Сапаровпен белдесіп, ұпай санымен ғана жеңсе, жартылай финалдық белдесулерда палуандар қыза түсті. Мұстафа Бисембаев Айдос Әйтековты қосымша уақытта жеңсе, Есенғали мен Нұрәділдің арасындағы белдесу де тартысты өтті. Ұпай санымен ғана Есенғали финалға шықты. Үшінші орын үшін кездесуде Айдос Әйтековтен Нұрәділ Ғазизовтың күші басым болса, бас жүлде үшін белдесудің тағдырын Есенғалидың бір әдісі шешіп кетті.


Жеңімпаздар мен жүлдегерлер және екі Айдос арнаулы сыйлықтармен марапатталды. Ал, енді Есенғали болса, облыста Ойылдың намысын қорғайды.

Басқа жаңалықтар