ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
«АУЫЛҒА» АЗАМАТТАРДЫҢ АЙТАРЫ КӨП!
«Ауыл» ХДПП Ақтөбе облысы филиалының атынан Ақтөбе облыстық мәслихатына сайланған депутаттар мен «Қазақстан фермерлер қауымдастығының» облыстық филиалының төрағасы шаруалармен кездесулер өткізді.
Қобда және Ойыл аудандарында өткен іс-шаралар аталған тұлғалардан бөлек аудандардағы жеке шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерді, сонымен қатар ауыл тұрғындарын да қамтыды. Кездесуде көтерілген негізгі мәселелер тұрғындарды «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы мәліметтермен ақпараттандыру, облыстық мәслихат депутаттарының жасалып жатқан жұмыстарымен таныстыру болды. Ауыл тұрғындарының тілек-өтініштерін тыңдап, ұсыныстарын талқылау да кездесуде қаралған басты мәселелердің бірі болды.
Аудан, ауыл тұрғындарымен өткен кездесуге облыстық мәслихат депутаттары Әлібек Базарғалиев, Самат Қалдығұлов, Кәмшат Төлеуова, сонымен бірге «Ауыл» ХДПП облыстық филиалының төраға орынбасары Гүлназым Қарабалина және «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Берік Сариевтер қатысты. Қатысушылардың айтуынша, бұл шара өзара белсенді диалог пен қызу пікірталас арқылы ерекшеленді.
Ауыл шаруашылығы жайына келгенде небір ұсыныстардың айтылуы мен олардың ортаға салынып, белсенді талқылануы шараның өз мақсатына жеткендігінің айғағы болды.