Басты тақырып
«Бескүндік» биыл басқаша өтті
«Ат жалын тартып мінген» азаматтың басты міндеті – Отанды қорғау. Жас жігіттің патриоттық сезімін оятып, намысын қамшылайтын отбасындағы тәрбиеден бөлек мектептегі «Алғашқы әскери даярлық» пәні. Азаматты әскерге даярлауда тигізер ықпалы көп пән оқытушыларының сынға түсетін сәті оныншы класс оқушыларының далалық оқу-жаттығу жиыны.
Ауызекі тілде «бескүндік» деп аталатын шара биыл 15-19 мамыр аралығында өтті. Оған аудандағы 13 орта мектеп пен Ойыл аграрлық колледжінің студенттерінен 117 оқушы қатысты. Олар төрт взводқа бөлініп, бес күн бойы әскери өмірдің қыр-сырына қанықты. Автоматты бұзып, жинау, межелі уақытта арнаулы киімдерді кию, окоп қазу, сапта жүру сияқты талаптарды орындап, далалық жиында шыңдалды. Далалық жиында оқушыларға алғашқы медициналық көмек сияқты өмірде қажетті машықтардың барлығы көрсетілсе, казармалық режимде әскери өмірді шынайы сезінуге мүмкіндік жасалды.